М. Шолохов мемориалдық музейі
М.А. Шолохов мемориалдық музейі - Қазақстан мен Ресей мәдени байланыстарының символына айналған маңызды мәдени мекеме. Музейді құрудың бастамашысы - белгілі жазушы, Батыс Қазақстанға келген кезде М.А. Шолоховпен жақын араласқан әдебиетші Н.Ф. Корсунов болды. Оның идеясы жазушының өңірмен байланысты кезеңін мәңгі есте қалдыру мақсатында жүзеге асты.
Музейдің ашылуы М.А. Шолоховтың Ұлы Отан соғысы жылдарында Батыс Қазақстан облысының Даринск ауылында болған тарихи кезеңімен тығыз байланысты. 1942 жылдың 27 шілдесінде Шолоховтың отбасы қауіпсіздік мақсатында осы ауылға көшірілді. Ал өзі «Правда» және «Красная звезда» газеттерінің соғыс тілшісі ретінде жұмыс істеп жүріп, отбасымен кездесуге Даринскіге жиі келіп тұрған. Осы кезеңде жазушы әскери очерктермен қатар, әйгілі «Они сражались за Родину» («Олар Отан үшін шайқасты») романын жаза бастаған.
Мемориалдық музей кешені жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған орталық қана емес, сонымен қатар оның Қазақстандағы тарихи ізін, шығармашылық белсенділігін, халықпен байланысын баяндайтын рухани ордаға айналған. Музей аумағында жазушы тұрған мемориалдық үй сақталған және екі қабатты, жалпы ауданы 1039 шаршы метрді құрайтын көрме залы орналасқан. Бұл залда алты түрлі экспозиция бар. Музейдің құрылымы екі негізгі бөлімнен тұрады:
Мемориалдық бөлім - мұнда Шолоховтың жеке заттары, жұмыс үстелі, қолжазбалары, соғыс жылдарындағы очерктері, фотосуреттері мен жазған хаттары қойылған. Бұл бөлім жазушының өмір сүрген ортасын толықтай қалпына келтіріп, келушілерге сол кезеңнің рухын сезінуге мүмкіндік береді.
Ғылыми-көрмелік бөлім - бұл бөлім табиғат, археология және этнография бағытында құрылған. Мұнда өңірдің флорасы мен фаунасы, археологиялық артефактілер мен дәстүрлі мәдениетке қатысты этнографиялық жәдігерлер көрсетілген. Бұл экспозициялар музейдің білім беру және мәдени-ағартушылық қызметін толықтырады.
Музей тек Шолоховтың шығармашылығын дәріптеп қана қоймай, сонымен қатар өңір тарихын, оның мәдениетінің сан қырлы байлығын насихаттайды. Бүгінгі таңда бұл мекеме - ғылыми-зерттеу, мәдени-танымдық және туристік бағытта белсенді жұмыс істейтін маңызды тарихи-мәдени нысан.