Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

С. Қожанов атындағы музей

Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи-өлкетану музейі - Түркістан облысы, Созақ ауданының әкімшілік орталығы Шолаққорған ауылында орналасқан маңызды мәдени және ағартушылық мекеме. Музей 1994 жылдың 12 сәуірінде көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдық мерейтойына орай ашылған.

Бастапқыда музей шағын ғимаратта орналасқан болатын. Уақыт өте келе экспозициялық қордың кеңеюіне байланысты, 2021 жылы жаңа, заманауи талаптарға сай салынған арнайы ғимаратқа көшіріліп, халыққа көрсетілетін қызмет ауқымы мен сапасы едәуір артты.

Музейдің басты мақсаты - Созақ өңірінің тарихи-мәдени мұрасын жинақтау, сақтау және кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, музей жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру, тарихи танымды қалыптастыру және ұлттық рухани мұраны ұлықтау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.

Музейдің экспозициясы бірнеше тақырыптық бөлімдерден тұрады, олардың әрқайсысы өңірдің өткенінен сыр шертетін құнды жәдігерлермен толықтырылған:

1. Табиғат бөлімі - бұл бөлімде Созақ ауданының табиғи географиясы, климаттық жағдайы, флорасы мен фаунасы туралы мәліметтер ұсынылады. Сонымен қатар, орта ғасырлардан сақталған балбал тастар және археологиялық сипаттағы жәдігерлер де осы бөлімде орын алған.

2. Этнографиялық бөлімі - Қазан төңкерісіне дейінгі кезеңдегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін тұрмыстық заттар, ұлттық киім үлгілері, қолөнер бұйымдары мен басқа да этнографиялық жәдігерлер жинақталған. Бұл бөлім арқылы келушілер ата-бабаларымыздың дәстүрлі өмір салтымен терең таныса алады.

3. Мәдениет бөлімі - бұл бөлімде өңірден шыққан танымал ақын-жазушылардың, күйшілер мен композиторлардың, сондай-ақ спорт саласында жетістікке жеткен тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдар қойылған. Атап айтқанда, Төлеген Момбеков пен Дина Нұрпейісованың ұстаған қара домбыралары - аса құнды жәдігерлердің бірі болып саналады.

4. Тәуелсіздік бөлімі - Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңіне арналған бұл бөлімде тарихи құжаттар, фотосуреттер, естеліктер мен басқа да материалдар жинақталған. Бөлімнің мақсаты - Тәуелсіз Қазақстанның құрылу тарихын насихаттау және ұлттық бірегейлікті қалыптастыру.

Жұмыс уақыты 09.00-18.00
Билет құны 500 тг
Мекенжайы Түркістан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорган кенті, С. Қожанов көшесі 34
Scroll to Top