Хан Ордасы тарихи-мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығы
Хан Ордасы музей-қорығы - Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданының Хан Ордасы ауылында орналасқан бірегей тарихи-мәдени музей-қорық. Оның тарихы 1962 жылы ардагер ұстаз, өлкетанушы Ахметфайыз Юсупұлы Тажетдиновтың ұйымдастыруымен ашылған Орда тарихи-революциялық музейінен бастау алады.
Музей-қорықтың жалпы аумағы 10.3428 гектарды құрайды. Бүгінде оның құрамында XIX ғасырдың тарихи-архитектуралық ескерткіштері болып табылатын 13 тарихи ғимарат және 3 кесенеден тұратын Пантеон бар.
Музей-қорық аумағындағы сегіз тарихи ғимаратта: «Бөкей ордасы тарихының», Хан сарайының сақталған шығыс бөлігінде (1828) - «Қару-жарақ палатасы» және қайта салынған Хан сарайының орталығы мен батыс бөлігінде «Хан сарайы», Ақын «Ш.Бөкеевтің әдеби-мемориалдық», «Хан мешіті», «Тұңғыш қазақ баспаханасы», «Халыққа білім беру», «мемлекет және қоғам қайраткерлері С.Меңдешев, А.Оразбаеваның мемориалдық» музейлері халыққа қызмет етеді.
Музей-қорық құрамындағы «Хан қорымы» пантеоны Хан Ордасы ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан. Мұнда Хан Жәңгірдің, күйші Дәулеткерей Шығайұлының және ғалым Мұхамед-Салық Бабажановтың кесенелері бар.
2023 жылы музей-қорық аумағында жаңа Визит орталығы салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде музей-қорықта 60 экспозициялық зал жұмыс істейді, ал қордағы экспонаттар саны 20 мыңнан асады.
Музей қорындағы құнды жәдігерлер арқылы келушілер Бөкей хандығының қалыптасуы мен даму тарихымен, сол кезеңдегі халықтың тұрмыс-тіршілігімен, мәдениеті мен қоғамдық өмірімен таныса алады. Сонымен қатар ел тарихында өзіндік орны бар көрнекті тұлғалардың өмірі мен қызметі, олардың ұлттық мәдениет пен ғылымға қосқан үлесі туралы мол мағлұмат алуға мүмкіндік бар.
Хан Ордасына келген қонақтар музей экспозицияларын тамашалаумен қатар, ауыл көшелерінде сақталған тарихи үйлер мен ескерткіштерді аралап, Бөкей ордасының тарихи келбетімен таныса алады. Табиғат аясында демалуды қалайтындар үшін қарағайлы орманда серуендеп, тынығуға да жағдай жасалған. Сондай-ақ музей-қорық аумағынан тыс орналасқан киелі әрі тарихи орындарға арнайы экскурсиялық бағыттар ұйымдастырылған.
Музей-қорық тек тарихи жәдігерлерді сақтап, көпшілікке таныстырып қана қоймай, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағартушылық жұмыстар жүргізеді. Музей қызметкерлері республикалық, облыстық және жергілікті деңгейдегі газет-журналдарда Бөкей ордасының тарихына қатысты ғылыми және танымдық мақалалар жариялап келеді. Сонымен қатар музей-қорықта түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар, ғылыми конференциялар, көрмелер, дәрістер және танымдық кездесулер ұйымдастырылады.
2017 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы аясында «Қазақстанның жалпыұлттық киелі орындарының» 100 нысанының қатарына енгізілді. Ал Пантеондағы күйші Дәулеткерей Шығайұлының кесенесі сакралды микронысандар тізіміне енді. 2018 жылы Бөкей ордасы тарихи-музей кешені құрамындағы XIX ғасырдың тарихи-мәдени ескерткіштері республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштер ансамблі ретінде Қазақстанның ұлттық мәдени мұрасының Мемлекеттік реестріне енгізілді. Сонымен қатар, 2014 жылғы 4 қарашадағы №939 Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мәдени саясаты тұжырымдамасына сәйкес, Бөкей ордасы тарихи-музей кешені Батыс Қазақстан аймағындағы «Каспий қақпасы» туристік кластерінің құрамына енгізілді.