Көкжыра ауыл музейі
Абай облысы, Абай ауданына қарасты Көкжыра ауылдық округінде орналасқан тарихи-археологиялық музей - өңірдегі бірегей археологиялық ескерткіштер мен көне дәуірлердің материалдық-рухани мұрасын жүйелі түрде сақтау, зерттеу және кеңінен насихаттау мақсатында құрылған мәдени мекеме болып табылады. Музейдің ашылуы - Көкжыра өңірінде жүргізілген археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесінде табылған баға жетпес жәдігерлермен тікелей байланысты.
Аймақтың тарихи-мәдени әлеуетін айқындайтын ең ірі археологиялық нысандар қатарына Түйемомонақ, Масалы, Шат базары, Мәзібай, Даубай, Маралды және, әсіресе, Елеке сазы алқабындағы ескерткіштер жатады. Соның ішінде Елеке сазы ерекше археологиялық мәнге ие. Бұл алқапта 50-ден астам бұрын зерттелмеген қорғандар анықталып, Қазақстан археологиясының жаңа кезеңін ашқан жаңалықтар табылды. Аталған ескерткіштер қола дәуірінен бастап сақ және көне түркі кезеңдеріне дейінгі мәдени-рухани сабақтастықты бейнелейді. Елеке сазы алқабынан табылған «Алтын адам» және «Алтын тұлпар» археологиялық қоғамдастықта үлкен резонанс тудырып, Қазақстанның ұлттық тарихи мұрасын халықаралық деңгейде танытты. Мұнымен қоса, Маралды жерінен табылған антропоморфты тас мүсіндер және Даубай қыстауы маңынан табылған қола дәуіріне жататын су қоймасы секілді археологиялық артефактілер де өңірдің көне өркениет ошақтарының біріне айналғанын дәлелдейді. Бұл ғылыми олжалар Көкжыра аймағының тарихи-археологиялық тұрғыдан жан-жақты зерттелу қажеттігін арттырып, болашақта жаңа сенсациялық жаңалықтардың көзі бола алатынын айғақтайды. Осы құнды мұраларды сақтау және оларды көпшілікке таныстыру мақсатында арнайы музей ғимараты салынып, 2023 жылдың 5 қаңтарында ресми түрде ашылды. Музейдің құрылуына белгілі археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Алдан Айымбетович Төлеубаев зор үлес қосып, өзінің далалық зерттеулері барысында табылған бірқатар бірегей жәдігерлерді музей қорына сыйға тартты. Оның ғылыми жетекшілігімен Елеке сазы мен басқа да ескерткіштерді зерттеу жұмыстары жүргізілді, бұл Қазақстан археологиясы үшін айрықша маңызға ие болды.
Қазіргі таңда музейдің құрылымы үш негізгі экспозициялық залдан тұрады. Бұл залдарда тас дәуірі, қола дәуірі, сақ кезеңі, көне түркі және ортағасырлық кезеңдерге жататын мәдени жәдігерлер қойылған. Музейдің ғылыми қоры 1339 сақтау бірлігінен тұрады, олардың арасында археологиялық қазбалардан табылған керамикалық ыдыстар, қола бұйымдар, қару-жарақ үлгілері, зергерлік әшекейлер, культтік-ритуалдық нысандар және тұрмыстық заттар бар.
Музейдің негізгі мақсаты - Көкжыра өңірінің көне және ортағасырлық тарихи-мәдени мұраларын сақтау, археологиялық зерттеулер нәтижелерін жүйелеу, сондай-ақ халық арасында тарихи сананы қалыптастыруға бағытталған ғылыми-ағартушылық жұмыстар жүргізу.