Н. Тілендиев мемориалдық музейі
Нұрғиса Тілендиевтің мемориалды музейі - Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауда маңызды рөл атқаратын мемориалдық мекеме. Музей композитордың 90 жылдық мерейтойы мен 2014 жылғы Халықаралық музейлер күніне орай, Алматы қаласы әкімінің 2014 жылғы 27 қаңтардағы № 1/40 қаулысы негізінде, 2014 жылғы 16 мамырда ресми түрде ашылған.
Музей Алматы қаласының тарихи орталығында орналасқан. Экспозиция композитор Нұрғиса Тілендиевтің отбасымен бірге өмірінің соңғы жылдарын өткізген пәтерінде (Қонаев көшесі, 96) ұйымдастырылған. Музей орналасқан ғимарат 1979 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тікелей бастамасымен бой көтерген. Бұл тұрғын үйдің тарихи құндылығы зор, өйткені мұнда Қазақстанның көрнекті тұлғалары өмір сүрген.
Мемориалды музейдің жалпы ауданы - 169 шаршы метр. Қазіргі таңда музей қорында 3214 экспонат жинақталған. Экспозициялық материалдар қатарына композитордың жеке тұтынған заттары, мемлекеттік және қоғамдық қайраткерлер сыйға тартқан бұйымдар, сондай-ақ ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігі саналатын музыкалық аспаптар - «Дариға-домбыра», рояль, анасы сыйлаған фортепиано және басқа да бірегей жәдігерлер кіреді.
Музей кеңістігі жеті экспозициялық залдан тұрады: кіреберіс, қонақ бөлмесі, демалыс бөлмесі мен зал, ас бөлмесі, жатын бөлме және интерактивті зал. Әрбір бөлме белгілі композитордың өмір жолы мен шығармашылық мұрасын көрнекі түрде таныстырып, келушілерге рухани әсер береді.
2025 жылы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойына орай музейде реэкспозициялық жұмыстар жүргізілді. Жаңартылған тұжырымдама негізінде музейге заманауи мультимедиялық технологиялар - сенсорлы (touch) панельдер мен проекторлар орнатылды. Сонымен қатар, фотоматериалдармен толыққан жаңартылған қор экспозициясы келушілерге композитордың шығармашылық әлемін кеңінен тануға мүмкіндік береді.
Бүгінгі күні музей Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қарамағына кіретін мемлекеттік мәдениет мекемесі ретінде өз жұмысын жалғастыруда. Музейдің қызметі тарихи-мәдени мұраны сақтау, насихаттау және болашақ ұрпаққа жеткізу мақсаттарына бағытталған.