Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Мәдениет күндері аясында Мемлекеттік Третьяков галереясы Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі дайындаған «Қазақстан өнерінің жауһарлары» көрмесін ұсынды.
Көрме ХХ ғасырдың бірнеше буынына жататын дарынды шеберлердің кескіндеме және мүсін бағытындағы 60-тан астам туындыларымен таныстырды.
Ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуы Әбілхан Қастеевтің есімімен тығыз байланысты. Оның туындылары өткен ғасырдың басында көшпенділер өмірінде орын алған қарқынды өзгерістердің хроникасына айналды.
1930–1940 жылдары кәсіби мектептің қалыптасуына Кеңес Одағының әртүрлі аймақтарынан келген суретшілер ықпал етсе, 1950 жылдары оның негізін Мәскеу мен Ленинград тәжірибесін бойына сіңірген Алматы көркемсурет училищесінің түлектері қалады. Айша Ғалымбаева, Гүлфайрус Ысмайылова, Молдахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Қанапия Телжанов және Камил Шаяхметовтің туындылары реалистік кескіндеменің үздік дәстүрінде орындалып, әрдайым ұлттық тақырыпқа бағытталды.
Көрме көрермендерді Төлеген Досмағамбетов, Еркін Мергенов, Ольга Прокопьева және Ескен Сергебаев секілді қазақстандық мүсін өнерінің көрнекті өкілдерінің шығармашылық жетістіктерімен таныстырды. Олардың туындылары қазақстандық мүсін өнерінің тұтас бір буынына тән басты қызығушылықтар мен шығармашылық ізденістердің негізгі бағыттарын айқын бейнелейді.
«Қазақстан өнерінің жауһарлары» атты көрме ұлттық бейнелеу өнерінің таңдаулы туындыларын паш етеді. Көрмеге қойылған жұмыстар көшпелі дәстүр мен заманауи көркемдік ізденістерді тоғыстырып, Қазақстанның бейнесін әлемдік мәдени кеңістікте жаңа қырынан айшықтайды.