Аягөз қаласындағы музей
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласындағы филиалы. Музейдің бағыты мен бейіні. Музейде жергілікті тұрғындар өткізген көне этнографиялық бұйымдар мен тарихи тұлғаларға қатысты жәдігерлер ұсынылған; Аягөз ауданының тарихы, тарихи тұлғалары, батыр-билері, ақын-жазушылары, еңбек үздіктері туралы материалдар; өңірдегі өсімдіктер мен жануарлар әлемі; музейдің палеонтологиялық жиынтығы мен ауданның археологиялық қазба байлықтары туралы деректер қамтылған.
Музейдің құрылу тарихы.
- 1978 жылы ашылды (аудандық білім бөлімінің тарих кабинетінде).
- Музейдің жаңа ғимараты 2013 жылы пайдалануға тапсырылды.
Музейдің экспозициялық бөлімдері:
І зал: «Ұлылар мекені-Аягөз» атты жалпы аудан тарихына арналған экспозициялық бөлім; (Аудан өңірінен шыққан, аттары алашқа мәлім атақты һас батырлар, қара қылды қақ жарған би-шешендер, орақ тілді, от ауызды ақындар туралы).
ІІ зал: «Жеңіске құрмет» атты Ұлы Отан соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері мен ауған соғысының ардагерлеріне арналған зкспозициялық бөлім;
ІІІ зал: Этнография; киіз үй жабдықтары мен тұрмыстық заттар, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдеріміз, ат-әбзелдері мен аңшы-бүркітшінің құралдары, қару-жарақтар, ұлттық музыкалық аспаптар т.б қойылған).
ІҮ зал: Табиғат бөлімі; (осы өңірді мекендейтін аң мен құстар, емдік шөп түрлері, археологиялық қазба байлықтары, өлкеден табылған таңбалы тастар, жалпы Аягөз өңірінің табиғаты, жер бедері мен климаты).
Музей қорындағы тарихымызға бағалы ең қымбат жәдігерлер.
1. Музейіміздің асыл мұрасы Атақты қолбасшы, жырау Ақтамберді Сарыұлының кіреуке сауыты. Сауытты батырдың 8-ұрпағы Ұлы Отан Соғыс ардагері Асқап Жұмаділов атамыз табыс еткен. Тарихи деректерге сүйенсек, Ақтамберді 1768 жылы 93 жасында қайтыс болды. Батыр дүниеден өткен соң сауыты ұрпақтарының қолында сақталған екен. Сауыт салмағының өзі қазіргі жұрнағымен өлшегенде 10 килоға жуық.
2. Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Аягөз қаласындағы филиалының табиғат бөліміне осы өңірдің тумасы белгілі палеозоолог Болат Уапұлы Байшашовтың ғылыми археозоологиялық олжалары қойылған. Өңірімізден табылған осы ертедегі мүйізтұмсықтардың сүйектері Аягөз музейінің табиғат бөлімінен көруге болады. Бұл құнды жәдігерлер Аягөз өңіріндегі палеонтологиялық зерттеулердің ғылымға енгізген үлкен жаңалығы екені сөзсіз.
Жұмыс уақыты
10:00 - 18:00
Билет құны
200 тг.
Мекенжайы
Абай облысы, Аягөз қаласы, Тәңірбергенов көш. 35/2