Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі

Ә. Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейі - еліміздегі бейнелеу өнері саласындағы жетекші ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және көркемдік-білім беру орталығы. Музейдің тарихы 1935 жылдың 23 қыркүйегінде Қазақ АССР Халық Комиссарлар Кеңесінің Қазақ мемлекеттік көркемсурет галереясын ұйымдастыру туралы қаулы қабылдауымен басталады. Бұл құжат Қазақ АССР-нің 15 жылдығына арналған мерейтойлық көркемөнер көрмесін ұйымдастыруды көздеді, соның негізінде музейлік қор қалыптаса бастады.

1965 жылы ҚазКСР Министрлер Кеңесінің шешімімен галереяға арнайы ғимарат бөлініп, оны қазақстандық сәулетшілер Эльза Кузнецова, Ольга Наумова және Борис Новиков музей қажеттіліктеріне бейімдеп жобалады. 1976 жылы аталмыш көркемсурет галереясы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік өнер музейі мәртебесіне ие болды. Осы жылы музей құрамына 1970 жылы құрылған Республикалық қолданбалы өнер музейі де енгізілді. Жаңа музей ғимараты келушілер үшін 1976 жылғы 16 қыркүйекте есігін айқара ашты. 1984 жылдың қаңтар айында музейге қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы, Қазақ КСР-нің халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің (1904-1973) есімі берілді.

Қазіргі таңда Ә. Қастеев атындағы ҚР Ұлттық өнер музейі - Қазақстандағы ең ірі бейнелеу өнері музейі болып табылады. Мекеме Қазақстан, Еуропа және Азия елдерінің көркемдік мәдениеті туралы кең ауқымды мағлұмат беретін алуан түрлі, мазмұны бай, тарихи және көркемдік тұрғыда құнды 25 000-нан астам экспонатты иеленеді. Музей коллекциясы көне заман мен қазіргі кезеңдегі қазақстандық және шетелдік өнер туындыларын қамтиды.

Музей жанында бірнеше ғылыми құрылымдық бөлімдер жұмыс істейді: Қазақстанның бейнелеу өнері; Сәндік-қолданбалы өнері; Классикалық шетелдік өнер; Қазіргі заманғы шетелдік өнер; қорлар мен сақтау; Реставрация; Көрмелер мен экспозициялар; Менеджмент және сыртқы байланыстар; Ғылыми сараптама; Экскурсиялық қызмет; Ақпараттық және баспа жұмыстары. Бұл құрылымдар музей жұмысының көпқырлылығын қамтамасыз етеді және ғылыми-мәдени қызметтің сапалы жүргізілуіне мүмкіндік береді. Музей жыл сайын 60-тан астам көрмелік жобаларды жүзеге асырады. Олардың қатарында тұрақты экспозициялармен қатар, қазақстандық суретшілердің, сондай-ақ жақын және алыс шетелдердің авторлық көрмелері мен жеке коллекциялары ұсынылады. Сонымен қатар, музей лекциялар циклін, ғылыми-танымдық бағдарламаларды, тақырыптық және шолу экскурсияларын тұрақты ұйымдастырып отырады. Бұл шаралар көпшілік қауымға көркемдік білім беруге, көрермендердің танымдық және эстетикалық талғамын қалыптастыруға бағытталған.

Ә. Қастеев атындағы музейдің ғылыми-зерттеу қызметі көркем мәдени мұраны зерттеу, сараптау және ғылыми айналымға енгізу бағытында жүргізіледі. Жыл сайын музей базасында халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Музей қызметкерлері өз баяндамаларымен халықаралық форумдарға қатысады, олардың зерттеулері монографиялар мен арнайы ғылыми басылымдарда жарияланады. Сонымен қатар, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер мәселелері баспасөз беттерінде, теле-радио хабарларында тұрақты түрде көтеріліп отырады.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 1000 тг
Веб-сайт www.gmirk.kz
Scroll to Top