Ілияс Жансүгіровтың әдеби музейі
Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейі 1984 жылы көрнекті қазақ ақыны, драматург, прозашы, фельетоншы, сатирик, журналист, аудармашы және қоғам қайраткері Ілияс Жансүгіровтің туғанына 90 жыл толуына орай ашылды. Мекеме бастапқыда «І. Жансүгіровтің әдеби музейі» атауымен қызметін бастаған.
Музей орналасқан ғимарат XX ғасырдың басында, нақтырақ айтқанда, 1905-1907 жылдары салынған. Бұл үйдің тарихында бірнеше маңызды оқиғалар орын алған: 1918 жылы мұнда Қызыл гвардияшы Мамонтов отрядының штабы, 1919 жылы «Қосшы» одағының уездік бөлімі, ал 1920 жылы уездік оқу бөлімі орналасқан. Аталған ғимарат Ілияс Жансүгіровтің өзі 1920-1923 жылдары аралығында жұмыс істеген орын ретінде ерекше тарихи-мәдени маңызға ие.
Бүгінгі таңда музей «Жетісу облысының Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының филиалы ретінде қызмет етеді.
Музей экспозициялық бөлімдері:
1. «І.Жансүгіровтің дүниеге келген, туып-өскен ортасы»
2. «Ақынның азаматтық тұлғасының қалыптасу, қаламының ұштала бастаған іздену жолы»
3. «Ақынның жұмыс бөлмесі»
4. «Ақынның шығармашылығы»
5. «Ілияс мәңгі есте»
6. «Ілияс Жансүгіровтің ізбасарлары»
Музей қорында ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты 6000-нан астам тарихи-мәдени құндылықтар жинақталған. Атап айтқанда, ақынның жеке құжаттары, баспа машинкасы, өзі пайдаланған кілемі, плащы, таяғының көшірмесі, қолданған тұрмыстық бұйымдары, қолжазбалар жинағы, әр жылдары жарық көрген кітаптары және ақын шығармашылығын зерттеушілердің еңбектері бар.
Музейдегі аса құнды жәдігерлердің бірі - Ілияс Жансүгіровтің 1929 жылы жазған «Күй» поэмасына арқау болған қобыз. Бұл - қобызшы, бақсы Молықбай Байсақұлына тиесілі киелі аспап. Аңыз бойынша, Байсақұлы «Желдіқарағай» асуындағы жел соққанда үн шығаратын қарағайды байқап, сол ағаштан қобыз жасатқызған. Қобыздың денесі қарағай ағашы мен темірден құралған, жиегі күміспен өрнектелген, шегі жылқы қылынан тартылған. Бұл жәдігер 1930 жылға дейін қобызшының келіні Адасқан апаның үйінде сақталып келген.
Соңғы жылдары музей қоры тағы бірнеше маңызды жәдігерлермен толықты. Олардың қатарында ақынның жейдесі, сонымен қатар Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық орталығымен бірлескен жұмыс нәтижесінде табылған, НКВД мұрағатында 80 жыл бойы сақталған Ілияс Жансүгіровтің төлқұжаты мен түрмеде түсірілген соңғы фотосуреті бар. Бұл құжаттар мен фотоматериалдар ақын тағдырын тереңірек тануға мүмкіндік береді.