Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Әйтеке би аудандық музейі

«Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Әйтеке би аудандық музейі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2005 жылдан бері материалдық және рухани-тарихи құндылықтарды, жәдігерлерді, мәдени ескерткіштерін ғылыми зерттеуді, зерделеуді, есепке алуды, сақтауды және жұртқа таныстыруды қамтамасыз ету бағытында құрылған маңызды өлкетану мекемесі.

Музейдің негізгі қызметі - экспозициялық, ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту,  экскурсиялық, қор жинақтау, сақтау, бұқаралық-көпшілік шаралар өткізу, көрмелер өткізу,  жинақтау. 

Музейдің ғылыми және мәдени қызметі бірнеше бағытты қамтиды. Оның басты мақсаты - ауданның табиғи, тарихи, археологиялық және этнографиялық ерекшеліктерін, экономикалық және әлеуметтік даму кезеңдерін, сондай-ақ өңірден шыққан көрнекті тұлғалардың (ақын-жыраулар, қолөнер шеберлері, бақсы-балгерлер және т.б.) өмірі мен шығармашылығына қатысты деректерді жинақтау, сақтау және көпшілікке ұсыну.

Музейдің басты ерекшелігі - Қазақстан халқының этномәдени саналуандығын көрсету арқылы ұлтаралық достық пен тарихи жадының сабақтастығын айқындау. Мекеме экспозициялары түрлі этностардың тарихы мен мәдениетін таныстыру арқылы өзара құрмет пен ұлттық бірегейлікті нығайтуға үлес қосады.

Әйтеке би аудандық музейінің экспозициясы жалпы ауданы 283 шаршы метрді құрайтын бес экспозициялық залда орналасқан. Бұл залдарда археологиялық артефактілер, этнографиялық бұйымдар, тарихи фотоматериалдар мен сирек құжаттар қойылған. Экспозициялар аудан тарихының әртүрлі кезеңдерін қамти отырып, келушілерге аймақ этностарының мәдени өзара ықпалы мен тарихи тағдырлас болмысын тереңнен түсінуге мүмкіндік береді.

1 зал. Музейдің фойесі ауданның картасынан бастау алып, тың игеру ардагерлері және сол  кездері  ауданда   көп  ұлтты  өкілдердің  тұруына  байланысты  «Ынтымағы жарасқан ел» атты тақырыпта экспозиция жасақталған.

2 зал. Табиғат бөлімінде ауданның жер бедері, ауа - райы, емдік қасиеті бар шөптесін өсімдіктер мен жануарлар дүниесі жөнінде баяндалады.

3 зал. Этнография залында қазақтың киіз үйі, ұлттық киімдер, шеберлердің қолынан шыққан ер-тұрмандар, зергерлік бұйымдар, ат әбзелдері, қару - жарақтар, ағаш ыдыстар мен мал терісінен жасалған бұйымдар қойылған. Сонымен қатар кіші жүздің бас биі, артына аталы сөз қалдырған мемлекет басқару ісіне араласқан, «Жеті Жарғы» заңдар жинағын шығарушылардың бірі Байбекұлы Әйтеке бидің және көреген дипломат, көрнекті мемлекет қайраткері, Кіші жүз ханы, Әбілқайыр ханға арналған экспозиция орналасқан.

4 зал.Аудан тарихы бөлімінде Комсомол ауданының құрылуы, аудан өңірінде ел басшысы Н.Ә.Назарбаевтың 1992 жылы болған сапары туралы, фотоматериалдармен танысуға болады. Ең алғаш тыңға келген тыңгерлерден бастау алып, тыңгерлердің 1954 жылдары ұстап тұтынған заттары мен өзге ұлт өкілдерінің бұйымдары, фото құжаттары қойылған. Сонымен қатар Жәкібай мен Мәлік Әлмұратов, мемлекет қайракері Т. Жүргенов, ақын-жазушыларымыз Т.Ахтанов мен Қуандық Шаңғытбаев, Ұлы Отан соғысы мен ауған соғысының ардагерлері мен еңбек ерлері, қуғын - сүргін құрбандары туралы мұралар өлкемізді тануға негізделген.

5 зал Тәуелсіздік залы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері, ірі тарихи маңызы бар оқиға - Ата заңының т.б. құжаттардың қабылдануы, Елбасының жолдаулары, сондай - ақ, ауданның құрметті азаматтары мен ауданның «Құрмет кітабы» музей экспозициясында орын алған.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Веб-сайт www.aitekebi-museum.kz
Мекенжайы Ақтөбе облысы, Әйтеке би аудуданы, Жүргенов ауылы, Жүргенов көшесі 81.
Scroll to Top