Ақтөбе облыстық тарихи - өлкетану музейі
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің қалыптасу тарихы 1929 жылғы 25 тамызда Ақтөбе қаласында өлке тарихына арналған алғашқы көрменің ұйымдастырылуынан басталады. Бұл көрме өлкетану қоғамының Ақтөбе бөлімшесі тарапынан жоғары бағаланып, облыс орталығында болашақ музейдің іргетасын қалауға елеулі ықпал етті. Алғашқыда музей шағын мектеп музейі ретінде жұмыс істеп, құжаттарда «Өлкетану музейі» немесе «Аудандық өлкетану музейі» ретінде тіркелді.
Музейдің негізін қалаушы және алғашқы директоры Давид Трофимович Темушка болды. Ол 1929-1945 жылдар аралығында музей меңгерушісі қызметін атқарып, оның қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосты. 1929 жылдан бастап музей 6х6 метрлік шағын әрі жарамсыз бөлмеде орналасқан еді. 1934 жылы ол бұрынғы миссионерлік шіркеу мектебінің ғимаратына көшіріліп, желтоқсан айында Ленин көшесіндегі бұрынғы Сауда синдикаты кеңсесінің ғимаратына орналастырылды.
1946 жылы қалалық атқару комитетінің шешімімен музей орналасқан ғимарат еңбек резервтерін дайындауға берілді. Жаңа нысанның жалпы ауданы 848,6 шаршы метрді құрап, оның 563 шаршы метрі тақырыптық көрмелерге арналды. 1965 жылдың 30 желтоқсанында ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді, ал музей экспозициясын безендіру Орынбор қаласындағы шығармашылық-өндірістік шеберханаға тапсырылды.
1967 жылғы 6 маусымда музейдің салтанатты ашылуы өтіп, оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қатысты. 1960-1970 жылдары Қазақстан археология ғылымында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді. Осы кезеңде облыстық музей қорлары көне дәуірлерге тиесілі құнды жәдігерлермен толықты. Белгілі археолог В.С. Сорокин 1955 жылы Ақтөбе облысындағы Елек, Хобда, Ембі (Жем), Қарғалы және Ор өзендері алабындағы тарихи ескерткіштерге зерттеу жүргізіп, қола дәуірі халқының материалдық мәдениеті мен шаруашылығы жөніндегі деректерді жинақтады.
1970 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының Қаратау археологиялық отряды (жетекшісі - тарих ғылымдарының кандидаты М.Қ. Қадырбаев) өңірде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, Бесоба, Сынтас, Қамыссай және Жалғызоба қорғандарынан скиф-сармат кезеңіне жататын алтын және тұрмыстық бұйымдар тапты. Бұл жәдігерлер музей қорын айтарлықтай байытты.
1980 жылдың тамыз айында Рысжан Ілиясқызы Ілиясова музей директоры қызметіне тағайындалып, 1981 жылы 10 қыркүйекте музей ғимараты күрделі жөндеуге жабылды. 1985 жылы 5 шілдеде музейдің табиғат және кеңестік дәуірге дейінгі бөлімдері, ал бір жылдан кейін Кеңес қоғамының залдары қайта ашылды. Ұлы Отан соғысындағы ерлікті дәріптеуге арналған көрме қайта жасақталып, Кеңес Одағының Батыры, ғарышкер В.И. Пацаевтың жеке заттарымен толықтырылды.
1999 жылы музей Красноярск қаласындағы «Ашық музей» халықаралық қауымдастығына, ал 2003 жылдан бастап «ИКОМ Қазақстан» халықаралық музейлер кеңесіне мүше болды. 2013 жылы музей құрамына облыстық тарих, этнография және археология орталығы қосылып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының ауқымы кеңейе түсті.
Бүгінгі күні музей жаңа ғимаратта орналасқан. Оның жалпы ауданы 4360,4 шаршы метрді құрайды, оның ішінде көрме залдарының ауданы - 1425,8 шаршы метр, ал музей қорын сақтау аймағы - 341,23 шаршы метр. Музейде ғылыми кітапхана, экспонаттарды сақтау бөлмелері, шығармашылық шеберханалар мен заманауи мультимедиялық жабдықтармен жабдықталған көрме залдары бар. Атап айтқанда, LED экрандар, интерактивті виртуалды кітаптар, голографиялық кешендер және ақпараттық дүңгіршектер келушілерге қолжетімді.
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі бүгінде тарихи дәстүрлерді сақтай отырып, заманауи талаптарға сай жаңғыртылып келеді. Көрме және ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мақсатында отандық және шетелдік музейлермен, ғылыми мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнатылған.