Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Кәмен Оразалин музей-үйі

Абай ауданындағы Шыңғыстау өңірінде туған, әдебиет пен ағартушылық саласына айрықша үлес қосқан көрнекті жазушы, ұлағатты ұстаз Кәмен Оразалиннің өмірі мен шығармашылығына арналған музей-үйі ашылды. Бұл игі іс - ұлттық руханият пен тарихи жадымызды жаңғырту жолындағы маңызды мәдени оқиғалардың бірі саналады.

Кәмен Оразалин - қазақ әдебиетінің XX ғасырдағы көрнекті өкілдерінің бірі. Ол өзінің шығармашылық жолында тарихи романдар, повестер мен әңгімелер арқылы ұлт тарихының күрделі кезеңдерін көркем тілмен шебер бейнелеп, халқына рухани мұра қалдырды. Әсіресе, Абай дәуірі мен оның замандастары туралы жазған еңбектері тарихи-көркем прозаның үздік үлгілерінің қатарында бағаланады.

Музей-үй жазушының 1950 жылы өзі тұрғызған және өмірінің соңына дейін мекендеген қара шаңырағында ашылды. Бұл үй - Кәмен Оразалиннің өмірі мен шығармашылығының куәсі ғана емес, сонымен қатар тұтас бір дәуірдің рухани айнасы іспеттес. Үй-мұражайдың жаңартылуы және қайта жабдықталуы барысында жазушының өмірлік қолданысындағы заттар, қолжазбалары, жеке мұрағаты мен кітап қоры жүйеленіп, ғылыми-экспозициялық талаптарға сай көрмелер әзірленді.

Музей экспозициясы бірнеше тақырыптық бағытқа бөлінеді:

1. «Өмір жолы мен шығармашылық мұрасы» бөлімі - жазушының өмірбаяны, білім алған кезеңдері, ұстаздық қызметі, әдеби шығармалары және қоғамдық қызметтері туралы деректерді қамтиды.

2. «Әдеби мұра» залы - Кәмен Оразалиннің әдеби шығармаларының қолжазбалары, баспа нұсқалары, сын мақалалар мен замандастарының жазбалары көрсетіледі.

3. «Жазушының жұмыс бөлмесі» - қаламгердің жұмыс үстелі, жазу машинкасы, жеке күнделіктері мен хаттары қойылған. Бұл бөлме жазушының шығармашылық атмосферасын сол күйінде сақтап, келушілерге рухани әсер сыйлайды.

4. «Замана куәсі» - тарихи кезең» бөлімі - жазушының Абай, Шәкәрім, Әлихан Бөкейхан сынды ұлы тұлғалар туралы жазған туындыларына арналған. Бұл бөлімде жазушының тарихи ой-тұжырымдары, ұлттық идеялар мен көркемдік концепциялары талданады.

Музей-үйдің ашылуы - ұлт зиялыларына деген құрметтің нақты көрінісі. Бұл мәдени нысан жас ұрпаққа тәлім мен тағылым беретін рухани орталыққа айналмақ. Жазушының өмірі мен шығармашылығы арқылы келешек буын елжандылыққа, адамгершілікке, білімге құштарлыққа тәрбиеленеді. Сонымен қатар музейде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған экскурсиялар, әдеби кештер, ғылыми-тәжірибелік семинарлар мен көрмелер ұйымдастыру жоспарланған.

Кәмен Оразалиннің музей-үйі - ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетімізді насихаттауға, тарихи сана қалыптастыруға қызмет ететін маңызды рухани орталық. Бұл үй - бір адамның өмір жолын ғана емес, тұтас бір кезеңнің мәдени-тарихи келбетін бейнелейтін, ұлт жадының алтын қазынасына айналған орын. 

Жұмыс уақыты 10:00 - 17:00
Билет құны 100 тг.
Веб-сайт abai-museum.kz
Мекенжайы Абай облысы, Абай ауданы, Қарауыл ауылы, Кәмен Оразалин 1
Scroll to Top