Бейнеу аудандық музейі
Бейнеу ауданында рухани-мәдени құндылықтарды насихаттауға бағытталған - аудандық тарихи-өлкетану музейі 1993 ашылды.
2004 жылы Бейнеу ауданына қарасты Сарға, Боранқұл, Сыңғырлау және Ақжігіт ауылдық округтерінде музейдің филиалдары ашылды. Сол жылы аудандық музей заманауи талаптарға сай жаңғыртылып, салтанатты түрде ашылды.
2009 жылы Абыл мәдениет үйі ғимаратында Бейнеу ауданы тарихына арналған жаңа экспозициялық зал пайдалануға берілді. Бұл зал үш тарихи кезеңді - Қазан төңкерісіне дейінгі дәуір, Кеңестік кезең және Тәуелсіздік жылдарын қамтиды. 2015 жылы музей ғимаратына қосымша құрылыс жүргізіліп, осы экспозициялар жаңа кеңістікке көшірілді.
2019 жылғы 1 наурыздан бастап Бейнеу аудандық музейі Әбіш Кекілбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде қайта құрылды.
Қазіргі таңда музей құрылымы бір орталық музей мен Ақжігіт, Сыңғырлау, Сарға және Боранқұл ауылдарында орналасқан төрт көрме залынан тұрады.
Ғимараттың жалпы ауданы - 559 шаршы метр.
Музейдегі жәдігерлер мен көрмелер бірнеше тақырыптық бағытта топтастырылған:
1. «Этнография» залы - бұл бөлім алты қанатты киіз үймен жабдықталған. Киіз үйдің алдыңғы сол жақ бөлігінде халық шеберлерінің қолынан шыққан, көшпелі өмір салтына тән тұрмыстық бұйымдар орналастырылған. Сонымен қатар, Орта Азия халықтарына ортақ, таза күмістен жасалған және асыл тастармен безендірілген дәстүрлі әшекейлер де көрмеге қойылған.
2. «Табиғат» залы - бөлім Бейнеу өңірінің табиғи ерекшеліктері мен жануарлар дүниесіне арналған. Мұнда шөл және шөлейтті аймақтарға тән жануарлар - бауырымен жорғалаушылар, сүтқоректілер, жыртқыш аңдар мен құстардың түрлері ұсынылған. Сонымен қатар, ғасырлар бойы пайдаланылып келген құдықтардың төрт түрі: шыңырау құдық, әйкел тас, түйетабан тасастау және қауға шелек үлгілерімен бірге көрсетілген. Тарихи ескерткіштер бұрышы - бұл бөлімде өңірдегі маңызды тарихи-мәдени нысандардың макеттері мен панорамалық көріністері ұсынылған. Атап айтқанда, Бекет ата жерасты мешіті мен оған іргелес қорымдардың бейнелері ерекше орын алады.
3. «Діни кітаптар» залы - бұл бөлмеде көне араб графикасымен жазылған діни кітаптар мен қолжазбалар сақталған. Аталған жәдігерлер Бейнеу өңіріндегі 30-дан астам тарихи мешіттердің бірі - Мешітсай елді мекеніндегі көне мешіттен алынған.
4. «Қазан төңкерісіне дейінгі кезең» залы - залда археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлер, тарихи-мәдени ескерткіштердің фотосуреттері мен макеттері қойылған. Бұл экспозициялар өңірдің ежелгі тарихынан сыр шертеді.
5. «Кеңестік кезең» залы - кеңес дәуіріне арналған бұл бөлімде Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық өмірін сипаттайтын фотосуреттер, марапаттар, құжаттар мен өзге де құнды материалдар жинақталған.
6. «Тәуелсіздік кезеңі» залы - аталған залда Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңіндегі Бейнеу ауданының даму барысы бейнеленген. Экспозицияда ауданның білім беру, мәдениет, спорт, құрылыс, ауыл шаруашылығы және өзге де салалардағы жетістіктерін көрсететін фотоқұжаттар, макеттер мен марапаттар ұсынылған.