Досжан Хазрет мемориалдық кешені
Темір ауданындағы Досжан Хазірет мешіт-медресесі - Қазақстанның рухани және тарихи мұрасының маңызды ескерткіші ретінде қарастырылады. Бұл кешен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» бағдарламасына енгізілген. Қазіргі уақытта нысанға толық қалпына келтіру (реставрация) және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде, олар 2025 жылдың соңына дейін толық аяқталады деп жоспарланып отыр.
Досжан ишан Қашақұлы (шын есімі Досмұхаммед) - XIX ғасырдағы қазақ даласындағы діни-ағартушылық қозғалыстың көрнекті өкілі, ойшыл, ұстаз, әрі халықтың рухани көшбасшысы. Ол 16 жасында алғаш рет қажылық сапарына аттанып, Түркия мен Меккеде білім алып, ислам дінінің терең негіздерін меңгерген. 17 жасында отанына «жас хазірет» атағымен оралып, мешіт тұрғызып, шәкірттер тәрбиелеуге кіріскен. Досжан ишан қазақ қоғамының діни-рухани дамуына үлкен үлес қосқан тұлға ретінде, сондай-ақ қазақтардың қажылық сапарын ұйымдастыруға ықпал еткен тарихи қайраткер ретінде де бағаланады.
Қазіргі кезде Досжан Хазірет мешіт-медресе кешенін қалпына келтіру аясында бірнеше бағытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр:
Мешіт ғимараты: Тарихи құрылымның іргетасы сақталып, айналасына бетон құйылып, қазіргі талаптарға сай төбе жабындысы орнатылып жатыр. Қабырғалардағы бастапқы бояу іздері мен сәндік элементтері мүмкіндігінше сол қалпында сақталады.
Мазар мен кесене: Досжан ишан жерленген бейіт күрделі жөндеуден өтуде. Ақтаудан арнайы шақыртылған шеберлер табиғи ақ тастардан мазар қабырғаларын қашап, ұлттық өрнектермен безендіруде. Жоғарғы бөлігіне күмбез орнатылып, айшық салынады.
Құдықтың табылуы: Қалпына келтіру жұмыстары барысында мазардың дәл алдынан тастан қашалған көне құдық табылған. Құдық ішінен XIX ғасырда қолданылған тұрмыстық және діни заттар, жабдықтар табылған. Бұл археологиялық олжа кешеннің тарихи құндылығын одан әрі арттыра түседі.
Инфрақұрылымдық нысандар: Кешен аумағында зиярат етушілерге арналған қонақ үй кешені салынып жатыр. Бұл кешенде намазхана, асхана, қонақ бөлмелері және шағын музей қарастырылған. Сонымен қатар, 6 метрлік жаяу жүргіншілер жолы төселіп, жарықтандыру жүйесі орнатылуда. Аумағына алма ағаштары егілген, бұлақ көзі абаттандырылып, экологиялық және рухани туризмге бейімделген орталыққа айналуда.
Досжан Хазірет кешені - тек діни нысан ғана емес, сонымен бірге ұлттық тарихи жадыны сақтауға, жас ұрпаққа тарихи-рухани тәрбие беруге бағытталған маңызды орталық болмақ. Бұл кешен алдағы уақытта ғылыми-танымдық конференциялар, діни-ағартушылық кездесулер мен туризм саласының маңызды нысанына айналуы көзделіп отыр.
Досжан ишан мешіт-медресесінің қайта жаңғыруы - қазақ халқының тарихи-рухани мұрасын сақтап, оны қазіргі ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадамдардың бірі саналады.