Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Жетісай аудандық музейі

Түркістан облыстық Мақта шаруашылығы тарихы музейінің Жетісай аудандық музей филиалы - өлкелік бағыттағы ғылыми-мәдени мекеме. Музейдің негізгі бейіні - өлкетану. Оның жұмысы өңірдің тарихы, этнографиясы, археологиясы, ауыл шаруашылығы мен мәдениетіне қатысты құнды материалдарды жинақтап, сақтау және насихаттауға бағытталған.

Музей 2022 жылы құрылып, Жетісай ауданындағы тарихи-мәдени мұраларды зерттеу мен көпшілікке таныстыру ісінде маңызды рөл атқаруда. Жалпы аумағы 100,8 шаршы метрді құрайтын музей ғимаратында бір экспозициялық зал мен бір қор сақтау бөлмесі қарастырылған. Экспозициялық залда өңірдің тарихынан сыр шертетін бірқатар маңызды жәдігерлер орналастырылған.

Атап айтқанда, Социалистік Еңбек Ерлері - Ұлы Отан соғысының ардагері, «Большевик» кеңшарының бұрынғы директоры Шаблан Ділдәбеков пен еңбек ері Бөрібеков Дінәсілбектің жеке тұтынған заттары, марапаттары мен құжаттары музей экспозициясының маңызды бөлігін құрайды. Сонымен қатар, Жетісай ауданынан шыққан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің медальдары, марапат куәліктері мен фотоматериалдары жинақталған.

Музейде аудан аумағында орналасқан ортағасырлық Үтіртөбе қалашығынан табылған тарихи жәдігерлер ерекше орын алады. Бұл жәдігерлер - археологиялық тұрғыдан аса құнды мәдени мұралар. Сонымен бірге, 1965-1980 жылдар аралығында аудандық мәдениет үйлері пайдаланған музыкалық аспаптар, сол кезеңнің мәдени өмірінен сыр шертетін тұрмыстық заттар көрмеге қойылған.

Экспозиция залында этнографиялық бөлім ретінде киіз үй мен қазақ халқының дәстүрлі тұрмысына қатысты бұйымдар, соның ішінде ағаш ыдыстар, тқым сақтайтын құты, сандықтар, киім үлгілері мен кілем, алаша, бау-басқұрлар секілді қолөнер туындылары орналасқан. Бұл этноэкспозиция келушілерге қазақ халқының материалдық мәдениеті мен салт-дәстүрлерін таныстыруда үлкен маңызға ие.

Музей қорында қазіргі таңда 2037 дана жәдігер тіркелген. Бұл қор жыл сайын толықтырылып, ғылыми сипаттама мен жүйелі қор жұмыстары арқылы сақталып келеді. Музейде түрлі тақырыптағы жылжымалы көрмелер, танымдық дәрістер мен экскурсиялар ұйымдастырылады. Аталған филиал - аймақтың тарихи жадысын сақтау мен жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын қалыптастыруда маңызды рөл атқарып отырған мәдени орталықтардың бірі.

Жұмыс уақыты 09.00-18.00
Билет құны 500 тг
Scroll to Top