Алға аудандық музейі
Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің Алға аудандық бөлімі 2014 жылы 30 сәуір күні ресми түрде ашылды. Музей Алға қаласы, Жәдігер көшесі-3 үй мекен-жайындағы Аудандық Мәдениет үйінің 2-қабатында жалпы көлемі 105 шаршы метр кабинетте орналасқан. Музей қорында 2 мыңға жуық экспонат бар. Музей үш залдан тұрады:
1. Археология, этнография, табиғат;
2. Алға тарихы мен Химкомбинат тарихы, тұлғалар;
3. Тәуелсіздік залы.
Бағыты: халқымыздың рухани асыл қазыналарын жинақтау, өңіріміздің тарихын насихаттау, белгілі тұлғалардың өмірі мен еңбек жолдарын кеңінен таныту, мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізу. Өткенге көз жүгірте отырып, халықты тарихымызды терең бағалай білуге шақыру, музейдегі әрбір жәдігердің құнды екендігін түсіндіре отырып, рухани тәрбие беру. Туған ел мен өскен жердің тарихын тану мен зерделеу, ата-бабаларымыздан қалған көне мұраларды, қасиетті жәдігерлерді көздің қарашығындай сақтай отырып, халыққа кеңінен тарату. Жыл сайын Музей күнінде «Жәдігер жерде қалмасын!» атты акция аясында экспонаттар жинақталып, музей қоры толығып отырады.
Музей бала-бақшалармен, мектептермен, колледжбен, аудан тұрғындарымен тығыз байланыста болып, түрлі іс-шаралар жоспарға сай өткізілуде.