Железин ауданының тарихи-өлкетану музейі
Железин ауданы әкімдігі, Железин ауданының мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Железин ауданының тарихи-өлкетану музейі»
Тарихи-өлкетану музейі белгілі бір өңірдің тарихын, мәдениетін, табиғатын және рухани мұрасын жинақтап, сақтап, зерттеп, көпшілікке таныстыруға бағытталған.
Музейдің бағыты - өлкенің өткені мен бүгінін байланыстыра отырып, тарихи деректерді, археологиялық олжаларды, этнографиялық бұйымдарды, құжаттар мен фотоматериалдарды насихаттау, жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беру.
Музейдің бейіні - аймақтың жергілікті ерекшеліктерін көрсету. Ол тарихи оқиғалар, белгілі тұлғалар, салт-дәстүр, халықтың тұрмыс-тіршілігі, еңбек және мәдени өмірі туралы экспозициялар арқылы көрініс табады.
1985 жылғы 29 сәуірде, Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында, Железин аудандық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің шешімімен 8 мамыр күні аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылды.
Оны құру идеясы сол кезде ауданның мәдениет бөлімі басшысы қызметін атқарған Кималиденов Баукен Қабышұлына тиесілі болды.
Музейдің бастауында тың игеруші, география пәнінің мұғалімі Маковенко Вера Степановна тұрды. Ол музейді ұйымдастыру жолында ауқымды әрі көп еңбек талап ететін жұмыс атқарды. Бұл жұмыстың негізін, ең алдымен, аудан тұрғындарынан қажетті экспонаттарды іздеп табуға, сондай-ақ архивтік және құжаттық материалдарды анықтауға бағытталған жинақтау қызметі құрады.
Бүгінде мұражай төрт негізгі залдан тұрады:
1. Археология және палеонтология залы
Бұл залда тасқа айналған өсімдіктер мен жануарлар қалдықтары, ежелгі жануар сүйектері, археологиялық қазбалар қойылған.
Экспозиция біздің өлкенің терең ежелгі тарихынан сыр шертеді.
2. Этнография залы
Мұнда өңірімізді мекендеген халықтардың тұрмыс-тіршілігі, қолөнері, киім үлгілері мен мәдениеті көрсетілген.
Бұл - ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық тамырға деген құрметтің көрінісі.
3. Жауынгерлік Даңқ залы
Бұл зал Ұлы Отан соғысына және жерлестеріміздің ерлігіне арналған.
Мұнда майданнан келген хаттар, жауынгерлердің жеке заттары, марапаттар мен Кеңес Одағының Батырларының портреттері, сондай-ақ интернационалист-жауынгерлер туралы материалдар қойылған.
4. Қазіргі заман залы
Соғыстан кейінгі кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі аудан тарихын қамтиды.
Мұнда ауданның көрнекті тұлғалары туралы мәліметтер, құжаттар, ХХ-ХХІ ғасырлардағы тұрмыстық және мәдени заттар көрсетілген.