Лепсі тарихи музейі
1988 жылы жергілікті өлкетанушы М.М. Хайбулиннің бастамасымен Лепсі аумағындағы тарихи-мәдени құндылықтарды жүйелеу мақсатында мектепішілік музей құрылды. Жинақталған экспонаттар кейінірек, 2019 жылы меценат Б.К. Оспановтың демеушілігімен жаңа ғимаратқа көшіріліп, ауыл тұрғындары үшін дербес музей ретінде ашылды.
Музей ғимаратының іргетасы 1980 жылы қаланып, 1997 жылға дейін өнеркәсіптік дүкен ретінде пайдаланылды. Ал 2000 - 2017 жылдар аралығында бұл нысан ауылдық мешіт қызметін атқарған. Алматы облысы Алакөл ауданы әкімдігінің 2019 жылғы 24 қыркүйектегі №253 қаулысы мен Алматы облысының әкімі А.Г. Баталовтың 2020 жылғы 13 қаңтардағы №2 қаулысына сәйкес, «Лепсі тарихи музейін құру туралы» шешім қабылданды.
Музей экспозициясы үш тақырыптық залдан тұрады. Оның алғашқысы - «Археология» бөлімі, мұнда тас дәуірінен бастап қола дәуіріне дейінгі кезеңдер қамтылған. Қола өндірумен айналысқан ежелгі адамдар жоғары температура алу үшін үрлеу құралдарын пайдаланған. Металдан жасалған балта, пышақ, найза ұшын құюда тас және саздан жасалған қалыптар қолданылғаны жөнінде деректер ұсынылған. Сонымен қатар, әйелдердің керамика және тоқымашылықпен айналысқаны жөнінде мәліметтер көрнекі түрде берілген.
Келесі экспозиция Қазақ хандығының қалыптасуы мен қазақ халқының этникалық тарихына арналған. Қазақ хандығы - Қазақстан аумағында бұрын өмір сүрген мемлекеттік құрылымдардың тарихи мұрагері болып табылады және оның қалыптасуы аймақтағы этникалық үрдістермен тығыз байланысты. 1465 жылы Керей мен Жәнібек хандардың бастамасымен Қазақ хандығының негізі қаланды. Экспозицияда XVIII ғасырда өмір сүрген атақты қолбасшы, Абылай ханның тұсындағы белгілі әскери қайраткер - Қанжығалы Бөгенбай батыр туралы мәліметтер ұсынылады. Сондай-ақ, қазіргі Алакөл ауданы Көктұма ауылында 1713 жылы дүниеге келген Қаракерей Қасабай батырдың ерлік жолы да көрініс тапқан.
Екінші зал «Қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы» тақырыбына арналған. Бұл бөлімде өңірдің көне дәуірден бастау алатын тарихи-мәдени ерекшеліктері мен табиғи-географиялық жағдайлары көрсетіледі. Атап айтқанда, бай флорасы мен фаунасы ежелгі заманнан бері адамдарды қызықтырған, мұнда адам мен табиғат арасындағы өзара байланыс мәселелері тарихи тұрғыда қарастырылады.
Үшінші зал - «Тәуелсіздік» залы. Бұл бөлім - қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы болған егемендікке қол жеткізу жолындағы күресі мен жетістіктерін баяндайды. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуы - халқымыздың еркіндікке деген ұмтылысының заңды нәтижесі ретінде ұсынылады.