Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Нұрмолда Алдабергеновтың мемориалды музейі

Алматы облысы Ескелді ауданы Алдабергенов ауылында орналасқан Нұрмолда Алдабергеновтің мемориалды музейі - ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру ісінде ерекше еңбек сіңірген, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрмолда Алдабергеновтің өмірі мен қызметіне арналған ірі мәдени-ағартушылық орталық.

Музей 1986 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің қаулысы негізінде, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың тікелей қолдауымен ашылып, бастапқыда колхоз тарихына арналған қоғамдық музей мәртебесіне ие болды. Кейіннен бұл мекемеге Нұрмолда Алдабергеновтің есімі берілді.

Музей орналасқан ғимараттың жалпы аумағы 3978 шаршы метрді құрайды, ал экспозиция қойылған аумақ - 9,2 шаршы метр. Қазіргі таңда музей қорында 4706 тарихи-мәдени жәдігер сақтаулы, жыл сайын жәдігерлер саны артып, жаңартылып отырады.

Музей экспозициясы төрт негізгі зал мен төрт қосалқы бөлмеден тұрады. Залдар келесі тарихи кезеңдер мен тақырыптарға сәйкес мазмұндалған:

1. Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы;

2. Кеңестік билік орнау кезеңі және ұжымдастыру жылдары;

3. Ұжымдық шаруашылық қозғалысының дамуы;

4. Нұрмолда Алдабергеновтің өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі.

Сонымен қатар, музей экспозициясында Жетісу өңірінің тарихи тұлғалары - батырлар, билер, жыраулар туралы мағлұматтар беріліп, олардың мұралары жүйелі түрде ұсынылған. Бұлар қатарында Ескелді би, Балпық би, Қабылиса жырау сынды тарихи тұлғалардың портреттері мен олар жайлы деректер көрнекі құралдармен безендірілген. Аталған тұлғалардың рухани жалғасы ретінде танылған Н. Алдабергеновтің балалық шағы мен кемел кезеңдерін бейнелейтін бюст және деректі материалдар да осы залда орналастырылған. Келесі залда Түркістан - Сібір теміржолы құрылысына қатысқан және алғашқы колхозда еңбек еткен адамдардың фотосуреттері мен құжаттары қойылған. Ал басқа бөлмелерде қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, қолөнері және мәдениетіне қатысты материалдар көрермен назарына ұсынылады.

Музейдің маңызды экспозициялық элементтерінің бірі - Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес Одағының Батыры Матай Байысұлына арналған мүсін және соғыс кезіндегі тыл еңбегі туралы материалдар. Бұл залда ауыл шаруашылығын дамыту, суландыру жүйесін енгізу, колхоз мәдениетін жетілдіру бағытындағы жұмыстар да жан-жақты қамтылған.Ғимараттың екінші қабатында колхоз басқарған бес басшының портреттері мен Н. Алдабергеновтің жұмыс кабинеті қайта жасақталып, түпнұсқа құжаттармен толықтырылған. Үлкен залда 19 Еңбек Ерінің портреттері орналастырылған және олардың жетістіктері арнайы бұрыштарда баяндалған.

Музей тарихында Дінмұхамед Қонаевтың 1986 жылы келуі және қолтаңба қалдыруы ерекше орын алады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1988, 1995 және 2002 жылдары Алдабергенов ауылына және музейге ресми сапармен келіп, өзінің естелік жазбасын қалдырған. Елбасының Нұрмолда Алдабергеновтің 100 жылдық мерейтойына арнап жазған құттықтау хаты да музейдің көрнекті жәдігерлерінің бірі болып табылады.

Нұрмолда Алдабергеновтің мемориалды музейі - тек бір тұлғаның өмір жолын баяндайтын орын ғана емес, ХХ ғасырдағы ауыл шаруашылығының даму кезеңдерін, халық еңбегі мен мемлекет тарихын жүйелі түрде зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды мәдени-тарихи мекеме. 

Жұмыс уақыты 9:00 - 18:00
Билет құны .
Scroll to Top