Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Бәйдібек ауданы сәулет - көркем музейі

Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылында орналасқан Аппақ Ишан мешіт-медресесі - Қазақстандағы діни-мәдени маңызы зор тарихи ескерткіштердің бірі. Бұл кешен XIX ғасырдың бірінші жартысында, шамамен 1845 жылы салынған.

Мешіт-медресенің негізін Түркістан қаласынан келген ағайынды ишандар - Қосым мен Құлатай қалаған. Олар араб тілін жетік меңгерген, ислам дінінің негіздерін терең білетін білімді адамдар болған. Олардың Шаян ауылына келу мақсаты - жергілікті қазақ жастарын сауаттандыру, арабша оқытып, ислам діні арқылы адамгершілікке, сабырлық пен тазалыққа тәрбиелеу болатын.

Бұл бастаманы ауыл билері мен болыстары қолдап, халықтың көмегімен кішігірім мешіт-медресе саман кірпіштен салынып, алғашқы оқу орны ретінде қызметін бастады. Алайда уақыт өте келе шәкірттердің саны артып, орын жеткіліксіз бола бастайды. Осыған байланысты, білім ордасын кеңейту қажеттілігі туындап, Қосым ишанның ұлы Мағұзым Бұхарада оқып жүрген жерінен арнайы шақыртылады.

Кең көлемдегі мешіт-медресе құрылысын бастау үшін, Ташкент генерал-губернаторынан арнайы рұқсат алынып, Шаян ауылындағы мешіт пен медресені үлкейту жұмыстары ұйымдастырылды. Құрылыс кезінде бастапқыда 40 құжыра (шәкірт тұратын бөлме) салу жоспарланғанымен, қаражаттың жетіспеуінен тек 29 құжыра ғана салынды. Бұл медресе сол дәуірде Қазақстан бойынша ең ірі және беделді діни оқу орындарының бірі болды. Бір мезгілде мұнда 150-ге жуық шәкірт пен 20-ға жуық ұстаз білім алған.

Аппақ Ишан мешіт-медресесі 1886 жылдан 1926 жылға дейін толыққанды жұмыс істеді. Алайда кеңестік билік орнаған соң, мешіттің қызметі тоқтатылып, ғимарат әртүрлі мақсаттарға пайдаланылды. Оның бөлмелері бастауыш мектеп, дүкен, кеңсе, қойма, тіпті түрме ретінде де қолданылды.

Кеңестік жылдары бұл тарихи кешен қараусыз қалып, тозып, қирауға жақындаған болатын. Алайда қазақ халқының көрнекті ұлы, қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібеков, Қазақ КСР-і Мәдениет министрінің орынбасары қызметін атқарған жылдары бұл нысанға арнайы келіп, оның тарихи және мәдени құндылығын мойындап, ескерткіш ретінде мемлекет қорғауына алуға бастамашы болды. Нәтижесінде, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен мешіт-медресе тарихи-мәдени мұра ретінде тіркеліп, музей ретінде ашылды.

Бәйдібек аудандық сәулет-көркемөнер музейі 1981 жылы ресми түрде ашылды. 1982 жылдың қаңтарынан бастап толыққанды ғылыми-зерттеу және жинақтау жұмыстары жүргізілді. Бұл музейдің құрылуы ел тарихы, діні, этнографиясы мен өнерінің тоғысқан ерекше нүктесіне айналды.

Музейдің басты мақсаты - өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, халыққа таныстыру, ислам діні мен қазақ халқының дәстүрлі өмір салтын насихаттау. Сонымен қатар, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беру, ұлттық бірегейлікті нығайту және тарихи жадыны қалыптастыру.

Музей экспозицияларының негізгі бағыттары:

Ислам діні мен медресе тарихы - Аппақ Ишан мешіт-медресесінің тарихы, оны негіздеген тұлғалар, діни оқу жүйесі, шәкірттер мен ұстаздардың өмірі туралы құжаттар мен жәдігерлер ұсынылады.

Ұлттық этнография - Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, киіз үй бұйымдары, дәстүрлі киімдер, қолөнер заттары мен тұрмыстық құралдар қамтылады.

Сәулет өнері және құрылыс материалдары - XIX ғасырдағы дәстүрлі мешіт құрылысында қолданылған күйдірілген кірпіш, ою-өрнек үлгілері мен безендіру элементтері көрсетілген.

Кітап және қолжазба мұрасы - араб графикасымен жазылған діни әдебиеттер, шәкірттер оқыған кітаптар мен жазба дәптерлер экспозициядан орын алған.

Көне кілемдер мен тұрмыстық бұйымдар - Тәжікстаннан, Қазғырт өңірінен және өзге де аймақтардан жиналған кілемдер мен тоқыма бұйымдары көрсетіледі.

2000 жылы Қазақстанда «Мәдениетті қолдау жылы» аясында музей қайта жөндеуден өтіп, абаттандырылып, заманауи экспозициялық жүйеге сай безендірілді. Музейдің ішкі құрылымы, көрме залдары мен ақпараттық панельдері жаңартылып, келушілерге ыңғайлы жағдай жасалды.

Жұмыс уақыты 09.00-18.00
Билет құны 500 тг
Scroll to Top