Әбілқайыр хан мемориалдық музейі
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Толыбай ауылында орналасқан Әбілқайыр Хан мемориалдық музейі 2015 жылы 2 қазанда ашылды, музей бір тарихи залдан, Республиканың әр тұсынан келген қонақтардың аялдауына қолайлы қонақ бөлмеден, жасақталған асхана мен ас ішетін бөлмеден, түрлі мәдени шараларды өткізетін конференция залынан және жұмыс бөлмесінен тұрады. Жалпы ғимараттың көлемі 214 шаршы метрді алып жатыр.
Музейдің басты міндеті музей жинақтамасын жинақтау, құру және сақтау болғандықтан музейдің қор жұмысы музей қызметінің басты бөлігі болып табылады. Музейдің қор жұмысына экспонаттарды есепке қою,сақтау және реставрациялау кіреді.
«Әбілқайыр Хан» мемориалдық музейінде бір тарихи зал бар. Тарихи зал кіреберіс сол жақ беттен басталып, Әбілқайыр ханның замандас серіктері, исі қазаққа аты шыққан Шақшақ Жәнібек, Табын Бөкенбай, Тама Есеттің портреттері қойылған. Әбілқайыр хан ерлігінің нышанындай болған Аңырақай шайқасының понорамасы залдың сол жақ бұрышын түгелдей қамтиды.
Құнды деректер ішінде 1736 жылы Әбілқайыр ханның ордасына келген ағылшындық суретші, әскери саяхатшы Джон Кэстльдің салған суреттері де бар. Ол ханның тақтағы бейнесін, оның отбасын қағаз бетіне түсірген. Орыс саяхатшылары, әскери шенділері қалдырған естелік жазбаларымен бірге, Әбілқайырдың орыс патшасы Анна Ивановнаға жазған хатының көшірмесі Әбілқайыр ханның саяси рөлін насихаттау мақсатында қойылған. Хан ұрпақтарының өмір жолынан сыр шертетін экспозицияның ішінде: қазақтан шыққан тұңғыш заңгердің бірі Бақытжан Қаратаев, әйгілі күйші Қамбар Медетов, Телжан Шонановтың зайыбы Шахзада Шонанова, Бөкей ордасының негізін салушы Жәңгір ханның т.б. фотосуреттері бар. Әрі қарай Ә. Кекілбаев, С. Әжіғали, Р. Бекназаров сынды азаматтардың «Хан моласы» қорымын зерттеу барысындағы фото-суреттері, баспа материалдары жинақталған. Залдағы ең көрнекті экспонаттардың қатарын - Әбілқайыр ханның жеке мөрінің көшірмесі, генеологиялық шежіресі, ханның портреті, кілемшесі, гипстен жасалған бьюсті, ердің айбары саналатын бес қару, сонымен қатар хан-сұлтандардың киімінің үлгісі толықтырады. 2021 жылдың мамыр айында Әбілқайыр Хан музейінің басшысы А. Сапаровтың ұсынысымен Ақтөбелік кәсіпкерлер Е.Ғ. Елеусізұлы мен О.Н. Серікбайұлы Кіші жүз ханы Әбілқайырдың бас сүйегі бойынша жасалған мүсінін жасатып, Әбілқайыр хан музейіне сыйға тартып, музей қорын толықтырды. Мүсінші Ж. Жұбанқосов осы уақытқа дейін де музей қорындағы бірнеше экспонаттардың авторы. 2022 жылы Әбілқайыр хан кесенесінің мердігері З. Қожаев Әбілқайыр хан музейінің қорына ханның жары Бопай ханымның картинасын сыйға тартып, музей қоры тағы бір экспонатпен толықты. Музей залы фото-құжаттардан бөлек 37 заттай экспонаттан тұрады.