Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қарабұтақ ауылдық музейі

«Қарабұтақ ауылдық музейі» -Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылында 2007 жылы ашылды.

Тарихи-өлкетану бағытындағы музей.

«Қарабұтақ ауылдық музейі» - тарихи-өлкетану бағытындағы музей ретінде жергілікті халықтың мәдени және тарихи мұрасын сақтау, зерттеу және келер ұрпаққа жеткізу мақсатын көздейді. Музей келесі бағыттарды жүзеге асырады:

1. Тарихи-мәдени мұраны сақтау-Әйтеке би және Қарабұтақтың тарихына байланысты құнды деректер мен экспонаттарды жинақтау, сақтау.

2. Ғылыми-зерттеу қызметі - музейдегі архивтер мен материалдар арқылы тарихи және этнографиялық зерттеулер жүргізу.

3. Білім беру және танымдық қызмет-Қонақтарға, оқушылар мен студенттерге қазақ халқының дәстүрлері, тұрмыс-салты, этнографиясы мен табиғаты туралы ақпарат беру.

4. Қоғамдық мәдени рөл-Жергілікті тұрғындардың мәдени өмірін байыту, тарихи және ұлттық сана-сезімді қалыптастыру.

Тарих залы. Бұл жерде Әйтеке би бабамызға жасалынған экспозициямыз. 1993 жыл Ақтөбе облысы бойынша «Әйтеке би жылы» болып жарияланды.Осы қаулының аясында Қарабұтақ ауданына Әйтеке бидің есімі берілді.Осы жылдың 25 маусымында Қарабұтақ селосындабиді еске алуға арналған үлкен той өткізілді. 

Тарих ғылымдарының докторы,профессор Төреғали Қаратаевтың, Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жаңбырбаев Бегалының, Қарабұтақтың сыйлы ақсақалы, көпті көрген көнекөз қариясы болған, журналист Нысаналы Жаңбырбаевтың, Әліби Қойлыбаевтың мұрағаттары орналасқан.

Қазіргі Қарабұтақтың тарихы 1848 жылы салынып, кейін дәуірінде дүрілдеп тұрған үлкен қалаға айналған Қарабұтақ бекінісінен бастау алады. Тарихтан белгілі қазақ жерін отарлау мақсатында Ресей үкіметі XIX ғасырда бекіністер салуды бастаған еді. Солардың бір көрінісі 1845 жылы салынған Ырғыз бекінісі, 1848 жылы салынған Қарабұтақ бекінісі, 1869 жылы Ақтөбе бекіністері салынған болатын. Қарабұтақта гимназия және 3 жылдық орыс-қазақ училищесі жұмыс істеді.  Қарабұтақтағы осы училищені бітірген Сырлыбай Бекбаев, Бүркітәлі Сейсекенов, Әлжан Байкөнеков, Жәлен Жомартов, Қауыпбай Шектібаев, Тахауи Боранқұлов сынды азаматтар кейін елдің бағына туған, халықтың игілігі жолында еңбек еткен азаматтар болды. 

Этнография залы. Бұл бөлімде қазақтың ежелі бұйымдарымен, сол арқылы олардың нендей еңбекпен шұғылданып, өмірлік қажеттіліктерді қалай ойлап тапқандарымен таныса аласыздар.

Мұнда көшпенді қазақтар тұтынған алты қанатты ағаш үй орналасқан. Бұл баспана түрін тарқатып алып, екінші жерге апарып құру көп уақыт алмайды. Қыстаудан жайлауға, жайлаудан күздеуге көшкен қазақтарға өте қолайлы әрі тиімді баспана болған. Сонымен қатар, мұнда қазақтың ұлттық бұйымдары: кебеже, сандық, қалауыш, текемет, тұскиіз, алаша түрлері қойылған. Ата-бабаларымыз тұтынған, қазіргі уақытта да кейбіреулері тұтынудан қалмаған ешкі тарақ, түбіт тарақ, ұршық, тістеуік, бесік, тағы басқалары бар.

Сондай-ақ, олар үкінің түбіт қауырсынын баланың бесігіне ілу, бөркіне қадау, сәбиді тіл-көзден сақтаса, улы өсімдік адыраспанмен аластау түрлі сырқаттардан алыс қылады деп ырымдаған. Сонымен қатар, ел арасындағы балгерлер қырық құмалақ, жауырын арқылы бал ашқан. Ал балалар мен бозбалалар асықты, ақсүйекті пайдаланып түрлі ойындар ойнайтын болған. Бұл жай сүйектер емес, оның тасасында жасырынып жатқан құпиялар көп, оны жете түсіндіру үшін ғылыми еңбек жазып шығуға болады. Бұл бөлімде кезінде қазақ халқы тұтынған, қазір заман ағымына қарай кейбіреуі тұтынудан шығып қалған иінағаш, ағаш тостаған, күбі, келі, келсап, қол диірмені, қолдан тоқылған ши, құман, жез легенді көре аласыздар.

Табиғат залы. Қарабұтақ өңірі Ырғыз өзенінің екі жағалауы мен Ор өзенінің солтүстік шығыс алқабында орналасқан. Қарабұтақ жері аса бай, сулы-нулы, құрақты көлдері, сала-салаға бөлінген өзендері белуардан келетін бозы мен жусаны бар байтақ дала. Соналы, Қыналы, Белқопа секілді ірі көлдерінің суы қуаншылық жылдары болмаса, жаз бойы тартылмайды. Ыскөл, Иіркөл, Табанкөл атты шағын көлдерінің өзінде жазғытұрым құстар көп мекендейді. Бұл мекенде ақ бас тырна, безгелдек, жылқышы, сұңқылдақ, аққу, тарғақ, итала қаз, тағы басқа құстар мекендейді. 


Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны тегін/бесплатно
Мекенжайы Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылы, Әубәкіров көшесі 7
Scroll to Top