Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Ілияс Жансүгіров атындағы тарихи-өлкетану музейі

Музей экспозициясы келушілерді Ақсу ауданының тарихымен, табиғатымен, сондай-ақ тұрмыстық заттар және сол өңірден шыққан белгілі тарихи тұлғалардың:атақты батырлар, билер, ақындар, жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлерінің өмір жолымен таныстырады.

Музейі  Ақсу  ауданының  мәдениет  бөлімінің  ұсынысымен, Талдықорған  обылыстық  мәдениет  комитетінің  1991  жылғы  шілде  айының  3-ші  жұлдызында  №59-шы  бұйрығы  бойынша құрылып, 1994 жылы ақын  І.Жансүгіровтің 100 жылдық мерей тойына орай  обылыстық  тарихи-өлкетану  музейінің  филиалы  ретінде  ашылды. 

Музей экспозиясы алты бөлімнен тұрады: 

1. Табиғат залы;

2. «Көне, ортағасырлық және Қазақ хандығы тұсындағы тарих» залы;

3. Этнография залы;

4. «ХІХ ғасырдың ІІ-жартысындағы тарих» залы;

5. «Поэзия құлагері - Ілияс Жансүгіров» залы;

6. Кеңес дәуірі жылдарындағы өлке тарихы залы.

1. Музейдің табиғат залында Ақсу ауданының флорасы мен фаунасы, экологиялық әртүрлілігі, табиғи ресурстары мен емдік шөптерінің байлығы көрсетіледі. Бұл бөлімде ауданның аң-құстары, жәндіктері, емдік қасиеттері бар шөптер және минералды тау жыныстарының үлгілері жинақталған;

2. Музейдің «Көне, ортағасырлық және Қазақ хандығы тұсындағы тарих» залында орта ғасырлық қалашықтан табылған археологиялық артефактілер - кірпіш, су құбыры, құмыра және 9-11 ғасырларға тән бал-бал тас орналастырылған. Сонымен қатар, Қазақ хандығы кезеңіндегі Ақсу өңірінен шыққан батырлар мен билердің бейнелері, жоңғар шапқыншылығын суреттейтін диорама қойылған. Бұл бөлім тарихи кезеңдер мен мәдени мұраларды танытуға бағытталған;

3. Музейдің Этнография залында қазақ халқының ертеректегі тұрмыс-салты мен мәдениеті көрсетілген. Зал экспозициясы қазақтың ежелгі баспанасы - киіз үйден басталып, оған қажетті тұрмыстық бұйымдар, үй жиһаздары, ас ішуге арналған ыдыс-аяқтар, қазан-ошақтар қойылған. Сонымен қатар, ерлер мен әйелдердің ұлттық киімдері, күмістелген ер-тұрман саймандары және сол кезеңге тән музыка аспаптары да ұсынылған. Бұл бөлім қазақ халқының дәстүрлі өмір салты мен мәдени мұрасын танытуға бағытталған;

4. Музейдің ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы тарих залында Ақсу өңірінің сол кезеңдегі мәдени және әлеуметтік өмірі көрсетілген. Бұл бөлімде айтыскер ақындар мен ұстаздардың шығармашылығы, сондай-ақ 1899 жылы Қарағаш мекенінде ірге тасы қаланған Мамания мектебінің макеті мен мектеп тарихына қатысты мәліметтер ұсынылған. Зал экспозициясында сол мектепте сабақ берген ұстаздардың өмірі, кеңес өкіметінің орнауы, репрессия мен ашаршылық жылдарындағы оқиғалар да қамтылған. Бұл бөлім Ақсу өңірінің тарихи дамуын, білім мен мәдениеттің өркендеуін және халықтың ауыр тағдырын көрсетеді;

5. «Поэзия құлагері - Ілияс Жансүгіров» залы қазақ әдебиетінің ұлы тұлғасы Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған. Зал экспозициясында Құлагер атанған ақынның шығармашылық жолы, отбасы жайлы деректер, оның түпнұсқа құжаттары мен құжат көшірмелері ұсынылған. Сонымен қатар, Ілиястың жары Фатима Ғабитованың өмірінен маңызды заттар, ақынның соңғы кезеңіндегі тұтқындалуы мен атылуы туралы мәліметтер және жазықсыз жазаланған тағдыры туралы құнды деректер де орын алған. Бұл бөлім Ілияс Жансүгіровтің қазақ поэзиясындағы орны мен оның ұлт үшін жасаған ұлы еңбегін паш етеді;

6. Кеңес дәуірі жылдарындағы өлке тарихы залы - Ұлы Отан соғысы жылдарының ауыр да айшықты естеліктерін, соғыс және еңбек ардагерлерінің батырлықтары мен қажырлы еңбектерін баяндап, сол дәуірдің зобалаңына толы тарихи шежіресін ұсынады. Бұл бөлімде Ақсу өңірінен шыққан ұстаздар, ғалымдар, ақын-жазушылар мен мәдениет майталмандарының өмірі мен шығармашылығы, сондай-ақ өңірдің дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың тағдыры сипатталады. Зал экспозициясы кеңес дәуірінің қиын да қайсар кезеңдерін, сол кезеңдегі өлкенің өркендеуіне еңбек сіңірген ұлы жандардың есімін жаңғыртып, олардың еліміз үшін атқарған ұлы істерін танытуға бағытталған.

Музей қорындағы ең құнды жәдігерлер

1. Домбыра. Жетісулық халық ақыны Қуат Терібаевтың ақын Ілияс Жансүгіровке сыйға тартқан құнды тартуы. Ілияс Жансүгіровтің қолынан өткен бұл домбыра, оның жеке заттарының бірі ғана емес, қазақтың музыкалық мәдениетінің тереңінен нәр алған асыл мұрасы болып табылады;

2. Қол сандық. Бұл сандық ақын Ілияс Жансүгіровке тиесілі. 1934-1936 жылдарда қолданыста болған. Жоғарғы және алдыңғы беттері ұлттық стильдегі геометриялық және өсімдік тәріздес өрнектермен безендірілген. Шеттері темірмен көмкерілген. Алдыңғы жағында-металл құлып және тұтқа орнатылған. 

3. Кітап «Біздің еңбек». «Біздің еңбек» - Ілиястың замандастары мен кейінгі ұрпақтарға қалдырған қымбат мұрасы. Ілияс Жансүгіровтің көзі тірісінде Орыл баспасында 1934 жылы жарық көрген. Өлшемі: биіктігі -29см, ені -20см, 73 бет. 

4. І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасынан үзінді. Газет қиындысы. Бұл құнды газет қиындысы-Ілияс Жансүгіровтің қазақ әдебиетінің асыл қазынасына айналған «Құлагер» поэмасынан үзінді. 1936 жылғы қараша айының 22 және 25 нөмірлерінде латын әліпбиінде басылып, қоғамға ұсынылған бұл үзінділер - Ілиястың шығармашылығының ерекше бір кезеңін танытады.

5. Балбал тас. Бұл балбал тас - 9-11 ғасырлардағы Түркі қағанатына тиесілі маңызды археологиялық жәдігер. Оның көлемі 150x40 см, салмағы 500 кг, бұл тас ескерткіштің сол кезеңнің мәдениеті мен өнерін айқын көрсетеді.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Мекенжайы Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Ақсу ауылы, Әмірғали көшесі 1
Scroll to Top