Мұқан Төлебаевтың мемориалды музейі
Қазақ опера мұрасының алтын қорын байытып, әлемдік опера деңгейімен теңестірген алғашқы ұлттық сазгерлеріміздің бірі - Мұқан Төлебаев. М.Төлебаев КСРО-ның халық артисі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, аса көрнекті композитор, қазақ музыкасының классигі, Қазақстан Республикасының алғашқы Әнұраны авторларының бірі. М.Төлебаев 1913 жылдың 13 наурызында қарт Балқаштың жағалауындағы Қарашыған атты ауылда, Бөрлітөбе ауданына (қазіргі Сарқан ауданы) қарасты «Үлгі» колхозында дүниеге келген. Композитордың әкесі - Төлебай Үйсінбайұлы революцияға дейін мал бағу, егін салуды кәсіп еткен, «Үлгі» колхозын ұйымдастыруға ат салып қатысқандардың бірі болған, анасы - Тәжібала Ақшалқызы бетіне ешкімді келтірмеген адуынды, бірбеткей кісі болыпты. Сондықтан да ол ескі әдет-ғұрыптың шеңберіне сыймай, өнер жолына өз тірлігімен, өз талабымен мүмкіндік алған дарынды ана. Қай адамның болмасын қалыптасуына, азаматтық қасиеттерінің айқындалуына оның айналасы әсер етпей қоймайды. Бұл ретте Мұқанның бала жастан бастап ауыз әдебиетінің бай үлгілерінен сусындайтынын атай өткеніміз орынды. Көкірегі ояу айтыскер ретінде танылған өз анасы Тәжібала мен сүйегіне сөз сіңген әкесінің інісі Апырбайдан талай жыр-хиссаларды, есімі елге белгілі салқам сері Құл ақынның өлеңдерін ұзақ түнге тыңдап өскен. Жас Мұқанның өнерге деген құштарлығын ұштауына, кейіннен ұлы композитор болып қалыптасуына осы адамдардың ықпалы тигені сөзсіз.
Осындай дарынды, ұлы композитордың құрметіне ашылған музей ғимаратының іргетасы 1941 жылы қаланды. Сол кезден бастап 1983 жылға дейін тұрмыстық комбинат мекемесі ретінде қолданыста болды. Кейіннен 1983-1993 жылдар аралығында ғимарат әскери комиссариаттың қолданысына берілді. Ал 1993 жылдан бастап М.Төлебаевтың мемориалды музейі ретінде қызмет атқара бастады. Музей даңқты композитордың 80 жылдық мерейтойына орай ашылған. Музейдің ашылуына композитор, Қазақстанның Еңбек Ері Е.Рахмадиев, сол кездердегі Талдықорған облысының әкімі С.Ақымбеков, Бөрлітөбе ауданының әкімі А.Тұрғанбеков, аудандық мәдениет бөлімінің басшысы Р.Есдәулетов, М.Тынышпаев тарихи-өлкетану музейінің директоры К.Нұртаев және музейдің алғашқы директорлары болған Г.Төлеубаева, Мұқан Төлебаевтың немере інісі, марқұм Қ. Дүйсембековтер зор үлес қосты. Ал 1994 жылы музейдің алдына аса көрнекті композитор Мұқан Төлебаевты мәңгі есте қалдыру мақсатында ескерткіш қойылды. Мыстан құйылған мүсіннің авторы Едіге Рахмадиев.
Музейде музейлік маңызы бар материалдар саны - 1422 болса, оның 673-і негізгі қорды, 749-ы көмекші қорды құрайды. М.Төлебаев аз ғана ғұмырында өнер көгінде өшпес ізін салып үлгерген құйрықты жұлдыз іспетті. Кең құлашты, мол тынысты, шалқар шабытты образға беріле отырып, өнер әлеміне көптеген классикалық шығармалар әкелді. Соның бірі әлемдік деңгейде жазылған «Біржан-Сара» операсы. Ол саз мектебінің алғашқы іргетасын қалаушылардың бірі болып тарихқа енген. Музейде М.Төлебаевтың 500-ден аса құжаттары мен пайдаланған заттары бар. Киген киімдері, ғылыми құндылығы жоғары еңбектері «Біржан-Сара» операсының, «Кестелі орамал», «Тос, мені тос», «Жеңіске» әндерінің түпнұсқасы, өз қолымен жазған классикалық, симфониялық шығармалары, әндері мен романс¬тары, қолтаңбасын қалдырған музыкалық аспаптары, т.б. заттары аса ұқыптылықпен сақталған.