Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қабанбай батыр атындағы тарихи-өлкетану музейі

Қабанбай батырдың өмірі мен ерлік жолын, тарихи тұлға ретіндегі орнын насихаттау, ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді, рухани мұраны дәріптеу. Музей бейіні - өлкенің археологиясы, этнографиясы, тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылығы, Қабанбай батырдың дәуірі, жоңғар шапқыншылығы кезеңі, қазақ халқының азаттық жолындағы күресі, өлкеден шыққан белгілі тұлғалар, батырлар, би-шешендер туралы деректер, арихи құжаттар, тұрмыстық бұйымдар, қару-жарақ үлгілері, этнографиялық жәдігерлер жинақталып, экспозиция арқылы таныстырылады.

1988 жылғы 29 наурызда Халық депутаттары Андреев аудандық Кеңесінің атқару комитеті №121 шешім қабылдап, дайын тұрған ғимаратты тарихи-өлкетану музейі ретінде ашу туралы бастама көтерді. 1990 жылдың қазан айында құрылыс жұмыстары басталып, 1991 жылы ғимарат тарихи-этнографиялық музей ретінде өз жұмысын бастады. Дәл осы жылы қазақ халқының даңқты батыры, дарабоз қолбасшы Қаракерей Қабанбайдың туғанына 300 жыл толып, мерейтой республика көлемінде кеңінен аталып өтті. Алакөл ауданының Үйгентас өңірінде ұйымдастырылған ұлан-асыр той халықтың тарихи жадын жаңғыртқан маңызды оқиғаға айналды. Осы тарихи сәтке орай бұрынғы Андреев ауылы мен жаңадан ашылған музейге Қабанбай батырдың есімі берілді. Ал 1993 жылы музейге Қаракерей Қабанбай батырдың атауы ресми түрде бекітілді. 

Музей экспозициясы жеті бөлімнен тұрады:

1. «Өлкенің табиғаты»; 

2. «Археология»; 

3. «Қабанбай батыр»;

4. «Кеңес дәуірі»,  

5. «Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарындағы өлке тарихы»; 

6. «Этнография»;

7. «Тұлғалар» залы.

1. Алакөл ауданының табиғи ерекшеліктері таныстырылады. Экспозицияда Алакөл, Сасықкөл, Жалаңашкөл сынды көлдер жүйесі, Жоңғар Алатауының таулы жоталары, өңірге тән аң-құстардың тұлыптары мен табиғатты бейнелейтін коллаждар қойылған. Алакөл көлінің құстар әлеміндегі маңызы ерекше атап көрсетіледі.

2. Алакөл өңірінің көне және орта ғасырлардағы тарихына қатысты деректер ұсынылған. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Асусай қалашығы мен керуен сарайлар туралы мәліметтер, археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған керамикалық бұйымдар мен диірмен тастары экспозицияға енгізілген.

3. Қаракерей Қабанбай батырдың өмірі мен ерлік жолына арналған. Экспозицияда батырдың жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі, тарихи шайқастарға қатысуы, «Дарабоз» атануы кеңінен баяндалады. Аңырақай шайқасының диорамасы және батырлардың бес қаруы таныстырылады.

4. Кеңес дәуірі залында Лепсі уезінің XIX-XX ғасырлардағы тарихы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсетіледі. Сонымен қатар ХХ ғасыр басы мен кеңестік кезеңдегі тарихи оқиғаларын қамтиды. Экспозицияда азамат соғысы жылдарындағы маңызды тарихи кезеңдердің бірі - Черкасск қорғанысы туралы мәліметтер ұсынылған.

5. Бұл залда 1941-1945 жылдардағы соғысқа аттанған жерлестердің жеке заттары, қару-жарақ үлгілері, хаттары қойылған.

6. Алакөл өңірінен шыққан елге танымал ақын-жазушыларға, композиторларға, мәдениет, білім, ғылым және қоғам салаларының дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға арналған.

7. Этнография залында қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы, киіз үй жабдықтары, қолөнер бұйымдары қойылған.

Музей қорындағы ең құнды жәдігер

Музейлік маңызы бар материалдар саны 1230. Олардың ішінде ең құнды саналатыны: Самаурын (1892 ж.), зерленген кимешек (ХІХ ғ.), күміс сырға (ХІХ ғ.), ет салатын астау (ХІХ ғ.), қыштан жасалған құмыра, қазан, хумдар (Х ғ.)

Самаурын.  Самаурында 1896 жыл деген жазу бар.  Самауырын шығарған зауыттың бірнеше байқаулардың жүлдегері ретінде таңбалаған белгілері бар. Бірақ самаурынның ескіруіне байланысты бұл белгілер анық көрінбейді. Ағайынды Баташевтардың заводынан шыққан. Ресей,Тула қаласы.

Кимешек. Қазақ әйелдерінің дәстүрлі ұлттық бас киімі. Кимешектің өңірі мен басты жауып тұратын бөлігі екі қабатталып тұтас пішілген, төбесі бөлек пішіліп қондырылған. Артқы бөлігі төрт бөлек етіп пішіліп, жалаң қабат матадан тігілген. Бет ойығы трапеция пішінді, кеудесін, бет жақтаулары қызыл, күлгін жіптермен кестеленген. Кестемен тұмарша оюлар тігілген. ХІХ ғасырға тиесілі.

Сырға. Сән үшін қыз-келіншектердің құлағына тағылатын әшекей. Сырғаның пішіні жарты ай тәріздес жасалған. Ортасы қуыс. Құлаққа ілетін ілгегі айшыққа тойнақ арқылы бекітілген.

ХІХ ғасырға тиесілі.

Қыш құмыра. Ыдыс түрі.Дөңгелек пішінді. Түбі тегіс. Бүйірі шығыңқы. Алакөл ауданы, Асусай қалашығынан табылған. Шамамен Х-ХІІ ғасырларға жатады.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Мекенжайы Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Кабанбай ауылы, Абылай хан көшесі 186
Scroll to Top