Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі - Орталық Азия кеңістігіндегі ең жаңа әрі ірі музейлік мекеме болып табылады. Бұл музей Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде құрылып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 2 шілдедегі №675 қаулысымен ресми түрде өз жұмысын бастады.

Музей еліміздің басты тарихи-мәдени кеңістігі - Астананың Тәуелсіздік алаңында орналасқан. Архитектуралық жағынан заманауи стильде салынған ғимарат «Қазақ елі» монументімен, Тәуелсіздік сарайымен, Бейбітшілік және келісім сарайымен, «Хазірет Сұлтан» мешітімен және Ұлттық өнер университетімен архитектуралық үйлесім таба отырып, бірегей мәдени ансамбльдің құрамына енеді.

Музей кешені өзінің көлемі мен мазмұны жағынан айрықша ерекшеленеді. Жалпы аумағы 74 000 шаршы метрді құрайтын ғимарат жеті блоктан тұрады және тоғыз қабатқа дейін жететін ауыспалы деңгейлік құрылымымен ерекшеленеді. Экспозициялық алаң 14 000 шаршы метрден асады және 20 залды қамтиды. 

Музей әлемдік музей ісінің озық стандарттарына сай жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған. Қазіргі заманғы көрме технологиялары қатарында интерактивті медиа-қабырғалар, арнайы контентпен жабдықталған иілген экрандар, мультимедиялық едендер, диодты LED жарық, голограммалар, сенсорлы ақпараттық дүңгіршектер мен үш тілде ақпарат беретін мультимедиялық гид жүйесі бар. Бұл құралдар келушілерге мазмұнды әрі танымдық әсер қалдырып, музейді тек тамашалау нысаны емес, интерактивті тарихи кеңістікке айналдырады.

Ұлттық музей қызметінде экскурсиялық бағдарламалар маңызды орын алады. Мұнда шолу, тақырыптық, философиялық бағыттағы экскурсиялармен қатар, балалар мен жастарға арналған ойын элементтерімен байытылған интерактивті сабақтар өткізіледі. Бұл әдіс тарихи-мәдени танымды арттырып қана қоймай, келушілердің белсенді қатысуын қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі - ұлттық тарихи жадыны сақтау, мәдени мұраны жүйелеу, зерттеу және көпшілікке кеңінен таныстыру ісінде жетекші орын алатын заманауи зияткерлік орталық. Мұнда тарихшылар, археологтар, этнографтар, реставраторлар, музейтанушылар мен басқа да жоғары білікті сала мамандары жұмыс істейді. Олар музейдің ғылыми, мәдени және ағартушылық миссиясын сапалы түрде жүзеге асырып келеді.

Болашақта Ұлттық музейдің қызметі сандық технологиялар арқылы кеңейтіліп, виртуалды көрмелер, цифрлық қорлар мен халықаралық ғылыми байланыстарды дамыту бағытында жалғасын табады. 

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 800 тг
Веб-сайт nmrk.kz
Scroll to Top