Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі

Музей 1986 жылы Жезқазған облыстық тарихи археологиялық музейінің бөлімі ретінде ұйымдастырылды. 1988 жылы дербес музей болып құрылды. Музейді ұйымдастырушы соғыс және еңбек ардагері Мәкен Төрегелдин. Музейдің тақырыптық жоспарын құруда Өзбекәлі Жәнібековтің қолтаңбасы бар. Өз кезегінде Академик Манаш Қозыбаев тау кен ісімен балқыту процесі қатар жүргені ежелгі тарихтан белгілі болғандықтан, музей тақырыбы мен атауында кен қорыту ісі де көрсетілуі тиіс, - деп ұсынады. Музей экспозиция жоспарына сай тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі болып аталды. 1994 жылы музей Мәкен Төрегелдин атындағы Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музей болып ашылады. 1999 жылы Жезді музейінің құрамына Қарсақбай кентінде 1969 жылы ашылған академик Қаныш Сәтбаевтың Музей-үйі берілді. Бұл музей орнында 1929-1941 жылдары болашақ академик отбасымен тұрды. Музей-үй ғимараты 1929 салынған. Мұнда Қаныш Сәтбаев ұйымдастырып басшысы болған алғашқы стационарлық геологиялық кеңсе орналасты. Ғимараттың екінші жағында Қаныш Сәтбаев отбасымен тұрды. 2018 жылы Қ.Сәтбаев мемориалдық музей үйінде жөндеу жүргізіліп, үйдің тарихи қас беті қалпына келтірілді.

Жездідегі музейге 2015 жылы музейді ұйымдастырып, өмірінің соғына дейін басшы болған Мәкен Төрегелдиннің есімі берілді.

Музейдің жалпы аумағы 43956 ш.м. құрайды, оның ішінде Жезді музейі - 42560 ш.м., Қарсақбай кентіндегі Қ.И.Сәтбаевтың Музей-үйі - 1396 ш.м. Музей қоры 21070 сақтау бірлігін құрады. 

Жезді кентіндегі тау-кен және балқыту ісі тарихы музейі экспозициялары мен көрмелері 4 га аймақты қамтитын ашық аспан астындағы алаңдарда және 481,5 ш. м құрайтын 8 залда орналасқан. Музейдің кіре берісінде орналасқан табиғи ландшафт - ардагерлер аллеясы ҰОС-ның және тыл ардагерлері 2000-шы жылы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне қасиетті Ұлытау ормандарынан әкеліп отырғызып, ұрпақтарға сақтауға қалдырған ақ қайыңдар. Музейдің басты құндылығы болып табылатын ашық аспан астындағы көрме алаңдарында Жезқазған аймағындағы ежелгі мыс қорыту пештерінің көшірмелері мен жұмыс істейтін үлгісі, далалық ұстахана реконструкциясы мен шеген құдық реконструкциясы жасалған. Өлкедегі алғашқы өндіріс ошақтарының тарихына қатысты түпнұсқа экспонаттар - Қарсақбай, Байқоңыр, Қорғасын кеніштері мен Жезқазған шахталарында жұмыс істеген тау-кен техникасының түпнұсқа үлгілері, Сарыарқа полиметалл кендерінің үлкен көлемдегі үлгілерінің коллекциясы орналасқан. Ерекше раритет экспонаттар - Қарсақбай мыс қорыту комбинатының тарихына қатысты түпнұсқа қондырғылар мен механизмдер. Тоқ өндіруші Динамомашина, кен құю шөміші, алғашқы паровоз вагондарымен орналасқан. Ашық аспан астындағы алаңда Байқоңыр жартас суреттерінің сланец жартастарға бейнеленген дәлме-дәл көшірмелері орналасқан. Байқоңыр петроглифтері өзінің көркемдік-тарихи маңызы жағынан әлемдік деңгейдегі қасиетті ескерткіш Таңбалымен пара-пар. (З.Самашев). Таста қалған ескерткіштердің Ұлытау-Жезқазған аймағында кең тараған үлгілері - тас мүсіндер мен балбал тастар және жерлеу орындарына қойылған таңбалы тастар. Ұлытау ауданы Қаракеңгір өзені бойынан табылған ерте темір дәуіріне жататын тас мүсін мен 1727-1728 жж. Бұланты шайқасында қаза тапқан жауынгерлер қорымдарында көп кездесетін таңбалы тастың бір нұсқасы экспозиция алаңында орналасқан. Сонымен қатар ашық аспан астындағы алаңда Байқоңырдан ұшқан космос кемесінің бөлшегі де қойылған.

Музей залдары:

«Мәдени мұра және тау-кен ісі» залы - лайтбокстарда археологиялық қазбаларда табылған қола дәуірі әшекей бұйымдары, ритуалдық бұйымдар суреттері және Алтай экспедициясына табылған «Сақтарадың демалыс сәті» аталатын белдік тоғынындағы алтын жапсырманың үлкейтілген көшірмесі арқылы ежелгі металлургия мен зергерлік өнер жетістігі баяндалады. Ақтас кварц кенінің шоғыры және Теректі Әулие гранит жартастарындағы петроглиф көшірмесі, Байқоңыр петроглифінің түпнұсқа фрагменті қойылған. Қазақстанның пайдалы қазбалар картасында кен орындары жарықтанғыш лампалармен көрсетіледі. Ұлытау даласы панорамалық картинасы дәуірлер көшіндегі тарихи ескерткіштер жайлы әңгімелейді. 1994 жылы музейде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев болды. Музейдегі көне металлургтердің кен қорыту пеші үлгісінде ежелгі әдіспен мыс қорытпасынан экспонат балға құйды. Сол сәтті бейнелейтін экспозиция кіріспе залда орын алған. Талдысай металлургтер қонысындағы археологиялық зерттеулері жайлы фотодокументалды экспозицияда көрсетіледі. Залда А.Дженкинсонның XVI ғ. қазақ даласы картасы қойылған.

«Ежелгі дәуірлер және орта ғасырлардағы тау-кен ісі» залы - Жезқазған ежелгі тау-кен және металл қорыту кәсібінің ең көрнекі ескерткіші. Ұлытау Жезқазған өңірінде б.з.д III-II мыңжылдық, энеолит дәуірінде кен өндірісі қалыптасты. Мыстың мол қоры адамзат игілігіне айналып алғашқы мысшылар, кеншілер қауымы қалыптасты. Жезқазғанның ежелгі дәуірлеріндегі кен орындары жайлы геолог С.Болдың есебі бойынша бұл жерде 1 млн. тоннадан астам кен аршылып, 10 мың тонна таза мыс өндірілген. Жезқазғанның ежелгі металлургия орталықтары Жезді өзенінің аңғарларында орналасқан Милықұдық, Сорқұдық, Айнакөл қоныстарының айналасында топтасқан. Ежелгі және орта ғасырлардағы негізгі кен өндірілген ошақтар - Кресто, Покро, Раймунд, Златоуст, Покро. 1-ші Экспозиция залында диорамада ежелгі Жезқазған кеніштерінде кен өндіру әдісі көрсетілген. Академиктер Қ.Сәтбаев және Ә.Марғұланның Жезқазған көне металлургиясы жайлы ғылыми деректері берілген. Ежелгі Жезқазған кеніштері мен қоныстарынан 500-ден астам тау-кен ісі құралдары жинақталған. Еңбек құралдарының негізгі түрлері экспозиция витриналарында көрсетілген тас балғалар, руданы майдалауға арналған балғалар, қайлалар, тас үккіштер, тас келсаптар, сыналар, тас келілер, тас төстер. Талдықорған маңынан табылған қола қазан (түпнұсқа, Б.д.д. II мыңжылдық), Ағадыр маңында табылған қыш құмыра (түпнұсқа) экспозицияға қойылған. Милықұдық қонысы диорамасында кен балқыту пешіндегі жұмыс процесі бейнеленген. Ежелгі пештердің басым көпшілігі өздігінен ауа алмасатын құрылымы бар дөңгелек шұңқыр пештер сланец тастармен қаланды. Суық ауа үрлейтін көрік пештердің кең тараған бір түрінің үлгісі диорамада көрсетілген. Академик Ә.Марғұланның зерттеулері бойынша Сарыарқа аймағында Милықұдық типтес 80 балқыту пештерінің орны белгілі. Академик Г.Н. Щербаның есептеуі бойынша Орталық Қазақстанда ХІХ ғ. дейін, 10 млн. тонна кен аршылып, одан 450 мың тонна таза мыс өндірілген. Экспозицияда ортағасыр кезеңінің ескерткіші-Жезді кентінің жанында зерттелген Аяққамыр қалашығы қазба материалдары (қыш және остеологиялық жәдігерлер), қоныстарға су тартуға арналған шығыр макеті, қыпшақ дәуірінің тас мүсіні-түпнұсқа орын алған. Мұнда Ежелгі және ортағасырлық технологиялар әңгімеленеді.

«ХХ ғ.басына дейінгі Жезқазған аймағындағы тау-кен ісі» залы - XVІІІ - ХІХ ғ.ғ Қазақстанның батыс, солтүстік, орталық өлкелеріне келген әскери далалық экспедициялар зерттеулері қазақ даласы жайлы көп мәліметтер қалдырды. Алғаш рет орыс географиялық әдебиеттерінде Жезқазғанның мыс байлығы, Ұлытау тауларының тау-кен қазынасы жөнінде жазбаларды ХVІІІ ғғ. жиhанкез, географ, капитан Н.П.Рычков жариялады. 2- ші экспозиция залында қазақ даласы жайлы мәлімет беретін «Үлкен сызба» картасы, Рычков экспедициясының деректері, 1847 жылғы орыс көпесі Ушаковтың Ұлытау даласын иеленуі, ХХ ғ. басында «Атбасартүстіметалл» тресінің құрылуы жайлы құжаттар мен Қарсақбай заводын салуға ағылшындар техника тасымалдаған керуен жолы жайлы диорама көрсетіледі. Өлкедегі Байқоңыр көмір кеніші ағылшын кезеңінде ашылып жұмыс істеген кәсіпорынның бірі. Экспозицияда Байқоңыр көміршілерінің еңбек құралдары, шахтада қолданылған шығыр макеті назар аударады. Жұмысшылар саны мен өндірілген көмір мөлшері, алғашқы шахталар мен кеніштер таблицалар мен сызбаларда көрсетілген. Экспозицияда сол сияқты керуенде жүк тасыған түйекештің жеке комплексі, Қорғасын руднигінің кен үлгілері бар. 1916 жылғы патша жарлығына қарсы Жезқазған өңірінде болған «Қаражар шайқасы» оқиғасы жайлы экспозициядағы диораманың сюжеті, тарихи нақтылығы осы оқиғаға қатысушының естелігі негізінде бейнеленген. Ұлт-азаттық қозғалыс басшылары жайлы деректер де көрсетілген. 

«ХХғ. басы және бүгінгі дәуірге дейінгі өлкедегі түсті металлургияның дамуы» залы - реэкспозицияға жабылған. Уақытша көрме экспозициялар қойылады.

«Музейді ұйымдастырушы және тұңғыш директоры М.Төрегелдиннің Музей-кабинеті» Мұнда 1988-2006 жылдардағы музей басшысының жұмыс орны сақталған. М.Төрегелдиннің жеке заттары, кітаптары, марапаттары, жеке коллекциялық бұйымдары көрсетіледі.

«Музейдің сирек қоры экспозициясы» залы - Ә.Марғұланның жеке комплексті көрмесі бар. Тас, мыс, қола, темір садақ ұштары, пышақтар мен найза ұштары, т.б. кездейсоқ табылған сирек жәдігерлер көрмеленеді. Өлкенің би, батырларының құнды жеке заттары Ұлытау өңірінің ХVІІІ-ХІХ ғғ. тарихынан мағұлмат береді. Сонымен қатар, Жезді өңірінің дамуына еңбектегі жетістігімен үлес қосқан Ленин ордені иегерлері мен Социалистік Еңбек Ерлерінің марапаттары, сирек кітаптар көрмеленеді.

«Атриум - Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздері залы» - рәміздер тарихына арналған.

 «Жезқазған - Қазақстанның інжу-маржаны» залы - минералдар залы экспозициясында жер қыртысының қалыптасуы, минералдардың түзілу жайлы лайтбокстарда деректер берілген. Өлкенің кен байлығының үлгілері: Жезді, Ақтас, Жезқазған, Қаражал, Балхаш кендері үлгілері, Кішітау ақтас кеніші диорамасы көрсетілген. Экспозицияда Қ.И. Сәтбаевтың минералдар коллекциясынан кен үлгілері бар.

Scroll to Top