Жетісу облысы Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы тарихи - өлкетану музейі
Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Жетісу облыстық тарихи-өлкетану музейі - Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және насихаттау мақсатында құрылған маңызды ғылыми-мәдени мекеме болып табылады. Музей 1974 жылғы 1 наурызда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1973 жылғы 4 желтоқсандағы № 992-Р жарлығы мен Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1974 жылғы 21 ақпандағы № 41 бұйрығына сәйкес «Талдықорған облыстық тарихи-өлкетану музейі» ретінде ресми түрде құрылды. 1993 жылы музей ұжымының бастамасымен құрылған ономастикалық комиссияның ұсынысы негізінде, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің шешімімен мекемеге көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш Орда үкіметінің мүшесі әрі төраға орынбасары, тұңғыш қазақ теміржол инженері, тарихшы-ғалым, саяси қуғын-сүргін құрбаны Мұхамеджан Тынышбайұлының есімі берілді.
Музей экспозициясы келесі бес құрылымдық бөлімнен тұрады:
1. «Жетісудың табиғаты» бөлімі;
2. «Жетісудың көне және ортағасырлық тарихы» бөлімі;
3. «ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысы» бөлімі;
4. «Жетісу Кеңестік дәуір кезеңінде» бөлімі;
5. «Тәуелсіз Қазақстан» бөлімі.
Музей материалдары Жетісу өлкесінің табиғи байлықтары, флорасы мен фаунасы, археологиялық жәдігерлері, халықтың тұрмыс-салты мен дәстүрлі қолөнері, әдебиет пен өнер өкілдері, тарихи тұлғалар мен маңызды оқиғалар туралы ауқымды әрі мазмұнды мәліметтер ұсынады. Сонымен қатар, музей қорында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласында елеулі еңбек еткен жергілікті тұлғаларға тиесілі құнды жәдігерлер мен құжаттар сақталған.
Экспозиция құрамына көне және ортағасырлық кезеңдерге тән археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлер, XVIII ғасырда өмір сүрген Балпық бидің дулығасы, сирек ұшырасатын таңбасы бар былғары торсық, азамат соғысы кезеңіндегі «Максим» пулеметі, Жетісулық Алаш қайраткерлерінің мұрасын айғақтайтын құжаттар, қазақтың көрнекті композиторы Мұқан Төлебаев пайдаланған пианино, жазушы Әнуар Әлімжановтың музейге сыйға тартқан «Ұстаздың оралуы» романының қолжазбасы және 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі құрбандарының бірі Ләззат Асанованың көйлегі секілді ерекше құндылықтар енгізілген.
Музей қоры сонымен қатар белгілі жазушылар Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, ақын Ғ.Орманов, атақты спортшылар Ж.Үшкемпіров, М.Мамыров, көрнекті журналистер И.Нұртілеуұлы мен Б.Құранбек, сондай-ақ өнер қайраткері Ә.Райымбековке тиесілі жеке заттармен толықтырылған. Бұған қоса, зергерлік бұйымдар мен дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер туындылары да музей экспозициясында лайықты орын алған.
Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Жетісу облыстық тарихи-өлкетану музейі - аймақтың тарихи-мәдени келбетін ғылыми тұрғыда таныстыратын, рухани мұраны сақтап, ұрпақ санасына сіңіруге қызмет ететін іргелі мәдениет ошағы болып саналады.