Аталған дулыға 1968 жылы музей қорына қабылданған. Алайда бұл құнды жәдігердің нақты қай өңірден алынғаны және оны музейге кім тапсырғаны жөнінде деректер сақталмаған. Зерттеуші мамандардың пікірінше, дулыға ХҮІІ-XVIII ғасырға жатады және жоңғар мәдениетіне тән әскери жарақ үлгісі болып табылады.
Дулыға ерекше әдіспен жасалған: қалың матадан тігіліп, металл элементтермен толықтырылған. Жалпы пішіні төрт бөлікке бөлінген, олардың алдыңғы екі бөлігіне айдаһар бейнесі, ал артқы екі бөлігіне самұрық құсының кескіні салынған.
Дулығаның маңдай тұсында өсімдік тектес диадемамен бедерленген тілше орналасқан. Мұндай көркемдік шешімдер дулығаның иесінің әлеуметтік мәртебесін немесе әскери дәрежесін білдіруі мүмкін.
Материалы - металл және мата. Жасалу техникасы - қолдан жасалған. Сақталған үлгі саны - 1 дана.
Бұл дулыға жоңғар дәуірінің әскери мәдениетін, көркемдік дәстүрлерін және символикалық дүниетанымын зерттеуде маңызды тарихи дереккөз болып табылады.