Ақтоғай археолого-этнографиялық музей
Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейі - Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданындағы тарихи жады мен мәдени мұраны сақтау, зерттеу және таныстыру бағытында жұмыс істейтін ірі ғылыми-ағартушылық мекеме. Мұражай 1986 жылы Жезқазған облыстық тарихи-өлкетану музейінің өлкетану филиалы ретінде ашылып, 1991 жылдың 7 маусымындағы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің №91-р Жарлығына сәйкес, дербес Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейі болып қайта құрылды. Бұл мәртебе музейдің ғылыми бағыттағы құрылымдық және мазмұндық дамуына жол ашты. Музейдің жалпы аумағы: 357 шаршы метрді құрайды.
Экспозициялық бағыттары:
Музейдің негізгі залдары мен экспозициялары Ақтоғай өңірінің археологиялық ескерткіштерін, этнографиялық ерекшеліктерін, аудан тарихының маңызды кезеңдерін, тұлғаларын және саяси-қоғамдық оқиғаларын қамтиды. Археологиялық экспозицияда өңір аумағынан табылған көне заман жәдігерлері - қыш бұйымдар, құрал-саймандар, жерлеу рәсімдеріне қатысты артефактілер қойылған. Этнографиялық бөлімде тұрмыстық заттар, киіз үй үлгілері, зергерлік бұйымдар, ұлттық киімдер, ағаш пен темірден жасалған шеберлік үлгілері көрсетіледі.
Музей тек көрмелік қызметпен ғана шектелмей, келесі бағыттарда жүйелі жұмыс жүргізеді:
• өлке тарихына байланысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу;
• экспонаттар мен тарихи деректерді жинақтау, жүйелеу, сақтауға байланысты қор жұмыстары;
• мектеп оқушылары мен студенттерге арналған танымдық-экскурсиялық бағдарламалар ұйымдастыру;
• мерейтойлық және тақырыптық көрмелер, дөңгелек үстелдер, дәрістер, мәдени шаралар өткізу.
Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейі - тек аудандық деңгейде емес, аймақтық тарихи зерттеулер мен этномәдени құндылықтарды сақтау ісінде маңызды рөл атқаратын ғылыми-мәдени орталық. Ол қоғамдық сананы тарихи тұрғыда тәрбиелеу, отансүйгіштік пен рухани мұраға құрметті арттыру бағытында аса қажет мәдени институт ретінде қызмет атқарып келеді.