Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейі
Теректі тарихи-өлкетану музейі - Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық бөлімшесі ретінде 2023 жылы Теректі ауданының 90 жылдық мерейтойына орай ашылған. Музейдің басты мақсаты - аудан тұрғындары мен қонақтарына өңірдің тарихи-мәдени мұрасын жан-жақты таныстыру, сақтап, болашақ ұрпаққа жеткізу.
Музейдің тақырыптық-экспозициялық мазмұны мезозой дәуірі мен юра кезеңінен басталып, қазіргі Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі кең тарихи уақыт аралығын қамтиды. Экспозициялар алты тақырыптық залда орналасқан: «Археология», «Адамзат эволюциясы», «XVIII-XX ғасырлардағы қазақ халқының өмірі», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі залы», «Жазушы Хамза Есенжановтың мемориалдық кабинеті» және «Алаш» залы.
Археология залы б.з.д. IV-V ғасырларда Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген сармат мәдениетіне қатысты бірегей жәдігерлермен толықтырылған. Олардың қатарында-- ат әбзелдері, әйел адамдардың әшекейлері, тұрмыстық бұйымдар, құмыралар, құрбандық тастары, ортағасырлық тарақтар мен зергерлік бұйымдар бар. Бұл жәдігерлер көне дәуірлердегі материалдық мәдениеттің, наным-сенімнің, эстетикалық талғам мен тұрмыстық ерекшеліктердің айқын көрінісі болып табылады.
Музейдің екінші қабатындағы экспозициялар қазақ халқының дәстүрлі тұрмысын, аңшылық құралдарын, әйелдердің әшекей заттары мен ерлердің белбеу сияқты этнографиялық жәдігерлерін қамтиды. Сонымен қатар, 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне арналған жәдігерлер тарихи оқиғалардың трагизмін бейнелеп, ұрыс даласындағы шынайы көріністерді көрсетеді.
Музейдің жертөлесінде орналасқан «Алаш» залы саяси қуғын-сүргін жылдарындағы қазақ халқының қайғылы тағдырын суреттейді. Бұл бөлімде тоталитарлық жүйе тарапынан қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының өмір жолы, лагерьлердің күнделікті шындығы, камера жағдайлары бейнеленген. Аталған зал келушілерге ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы саяси репрессия кезеңінің шынайы бейнесін ұғынуға мүмкіндік береді.
Осылайша, Теректі тарихи-өлкетану музейі - өңірдің археологиялық, этнографиялық және саяси тарихын қамтитын маңызды мәдени-ағартушылық мекеме ретінде аймақтың тарихи жадысын сақтауда маңызды рөл атқарады.