Жарқайың тарихи-өлкетану музейі
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы - Жарқайың тарихи-өлкетану музейі Ақмола облысы, Жарқайың ауданы, Державинск қаласында орналасқан. Музей 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап өз жұмысын бастады. Экспозициялық мекеме 1975 жылы салынған, жалпы ауданы 175,6 шаршы метрді құрайтын жеке ғимаратта орналасқан.
Музейдің құрылуы мен қор жинақтау ісіне аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы У.А. Ахметов бастаған қоғам белсенділері мен ардагерлер айрықша үлес қосты. Экспозициялық материалдар Жарқайың ауданына қарасты елді мекендерден жиналды.
Бүгінгі таңда музейде төрт негізгі зал жұмыс істейді. Бұл залдардағы түрлі коллекциялар өңір халқының мәдени дәстүрлерінен, тарихи өмір сүру салтынан және шаруашылық жүргізу тәжірибесінен мол мағлұмат береді. Мұндағы бірқатар заттар қазіргі тұрмыста қолданылмайтын, тек музей кеңістігінде ғана сақталған сирек артефактілер қатарында.
Музей қоры үнемі жаңа, қызықты экспонаттармен толықтырылып отырады. Жақында музей экспозициясы 1984 жылы Арал қаласында қолдан тоқылған дәстүрлі кілеммен толықты. Мұндай қолөнер бұйымдары өңірлік шеберлердің эстетикалық талғамын және халықтық көркемдік дәстүрлерді сақтаудың маңызды үлгісі ретінде бағаланады.
Музейдің қызметі тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өскелең ұрпаққа туған өлкенің тарихы мен мәдениетін насихаттау бағытында жүзеге асырылады. Сонымен қатар, музей танымдық іс-шаралар, уақытша көрмелер мен білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру арқылы жергілікті халықтың мәдени қажеттіліктерін қанағаттандыруда маңызды рөл атқарады.