Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану музей
Біржан сал ауданы - Қазақстанның ұлы ақындарының бірі атындағы, бай тарихқа ие өңір. Ауданда өлкетану музей ашу-уақыт талабы мен қажеттілік болды, әрі оның құрылуы өңірдің тарихи-мәдени мұрасын дамыту мен насихаттауға елеулі үлес қосуы тиіс.
2018 жылдың басында Біржан сал ауданының әкімі болып қызмет атқарып жүрген кезінде Нұғманов Ермек Бекенұлы мен Біржан сал ауданының мақтанышы, жанашыры, жерлесіміз Баянғали Тақанұлы Әлімжановтың тастаған ұсыныстарымен Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану музейі ашылу идеясы қолдау тапты.
Музей экспозициясына аудан әкімідігі жеке тұрған, толық күрделі жөндеуден өткен ғимарат бөлгендіктен, музей ашуға Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейының қызметкерлері облыстық музей қорларынан жылжымалы этнографиялық көрме дайындады.
2021 жылғы 28 желтоқсанда Степняк қаласында Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану музейінің салтанатты ашылуы өтті. Ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Е.Б. Маржықпаев қатысты.
Біржан сал атындағы тарихи-өлкетану музейі 2023 жылдың маусым айына дейін Біржан сал ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Біржан сал атындағы аудандық мәдениет үйі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының теңгерімінде болды, Біржан сал ауданының коммуналдық меншігінен, 2023 жылдың 15 маусымында Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің коммуналдық меншігіне ауысты. Жалпы ауданы 162 м2.
Музейдің басты залында 9 бөлімнен тұратын экспозиция ұйымдастырылған:
• «Флора және фауна» (өлкеміздің табиғаты, мекендейтін құстары мен жануарлары);
• Өлкенің археологиясы;
• Қазақ халқының ұлттық әшекей бұйымдары;
• Қазақ халқының мәдениеті мен этнографиясы;
• Біржан салдың өмірбаяны мен шығармалары;
• Б.Әлімжановтың өмірі мен шығармалары;
• «Отты жылдардан Жеңіске дейін»;
• Ауған соғысы (27.12.1979 - 15.02.1989);
• «Балалық шаққа саяхат» 70-80-90 жылдарында қолданыста болған заттар.