Д.А. Қонаев музейі
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың мұрасын сақтау және насихаттау мақсатында құрылған музей 2002 жылдың 12 қаңтарында, мемлекет және қоғам қайраткерінің 90 жылдық мерейтойына орай ашылды. 2022 жылы Д.А. Қонаевтың 110 жылдық мерейтойына байланысты музейдің алғашқы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оның экспозициялық кеңістігі қайта жаңғыртылды. Музейдің жалпы ауданы 155 шаршы метрді құрайды.
Қор құрамындағы экспонаттар саны - 1392 бірлікті қамтиды. Бұл экспонаттар Д.А. Қонаевтың өмірі мен қызметіне қатысты құнды тарихи деректер мен заттық мәдениет нысандарынан тұрады. Мекеменің негізгі қызмет бағыты - Дінмұхамед Қонаевтың саяси, ғылыми және мемлекеттік қызмет жолын насихаттау арқылы ұлттық тарихи жадыны сақтау және дамыту. Сонымен қатар, музей ағартушылық, ғылыми-зерттеу және тәрбиелік қызметтер атқарады. Музейде тұрақты түрде тақырыптық экскурсиялар, лекциялар, ғылыми конференциялар және естелік кештер өткізіледі.
Музей құрылымы үш негізгі залдан тұрады:
Бірінші залда Д.А. Қонаевтың отбасы, балалық және жастық шағы, еңбек жолының басталуы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қызметі қамтылған.
Екінші зал Қазақстан Ғылым академиясындағы президенттік кезеңге, Алматы қаласының тарихындағы рөліне, жеке қару-жарақтар коллекциясына және 1986-1993 жылдар аралығындағы зейнеткерлік кезеңіне арналған.
Үшінші залда Д.А. Қонаевтың алған марапаттары, жұмыс кабинеті мен үстелі, сондай-ақ оның халықаралық деңгейдегі дипломатиялық қарым-қатынастары көрсетілген.
2022 жылы жүргізілген реэкспозиция аясында музей заманауи технологиялармен жабдықталды. Экспозициялар қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде қолжетімді аудиогидтермен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, музейде үш тілде ақпарат беретін цифрлық сенсорлы панельдер (тач-панельдер) орнатылған, бұл келушілердің ақпаратқа қолжетімділігін едәуір арттырады.