Әсет Найманбаев музейі
Абай облысы, Үржар ауданы, Мақаншы ауылында қазақтың көрнекті ақыны, сазгері және халық ауыз әдебиетінің ірі өкілі Әсет Найманбайұлының музейі орналасқан. Бұл музей - Абай атындағы мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің құрамындағы филиалдарының бірі болып табылады. Экспозиция 1992 жылы ақынның туғанына 125 жыл толуына орай ұйымдастырылып, көпшілікке есігін ашты. Музейдің негізгі мақсаты - ақынның өмірі мен шығармашылық мұрасын келешек ұрпаққа жеткізу, оның әдеби және музыкалық еңбектерін зерттеп, насихаттау.
Музей экспозициясы тарихи-мәдени контексті ескере отырып құрастырылған. Өкінішке қарай, Әсет Найманбаевтың өмір жолына қатысты түпнұсқа жазба деректер өте аз сақталған, бұл жағдай экспозицияны құрастыруда белгілі бір қиындықтар тудырды. Осыған байланысты музейлік тәжірибеде кеңінен қолданылатын әдістердің бірі - ақынның замандастарының естеліктері мен жазбаша куәліктерін, сондай-ақ әдебиеттанушы ғалымдардың зерттеулерін пайдалану тәсілі қолданылды. Бұл әдіс ақынның рухани бейнесін қалпына келтіруге және оның шығармашылық жолын көрнекі түрде көрсетуге мүмкіндік берді.
Музейде Әсет ақынның шығармашылық мұрасына қатысты материалдар - өлеңдері мен поэмаларының қолжазбалары, сирек кездесетін кітап басылымдары, ақын туралы жазылған ғылыми еңбектер мен зерттеу мақалалары, замандастары мен кейінгі буын әдебиетшілерінің естеліктері мен бағалаулары қойылған. Сондай-ақ, оның сазгерлік өнеріне байланысты мәліметтер - әндерінің ноталық нұсқалары, фольклорлық үлгілер мен музыкалық мұралары жинақталған. Экспозиция ақын өмір сүрген заманның рухын жеткізу мақсатында этнографиялық тұрмыстық бұйымдармен, сол дәуірге тән мәдени контекспен толықтырылып ұсынылған.
Музейдің ғылыми қызметі де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Ол жергілікті өлкетану, әдебиеттану және музыкалық мәдениет салаларындағы зерттеулермен ұштасып, қазақтың рухани мұрасын кешенді түрде зерделеуге бағытталған. Музей қызметкерлері Әсет Найманбаевтың шығармашылығын зерттеумен қатар, оның есімін ұлықтауға арналған конференциялар, әдеби кештер, концерттер мен түрлі ғылыми-мәдени іс-шаралар ұйымдастырып отырады.