Әліби Жангелдин тарихи-мемориалдық музейі
Әліби Жангелдиннің тарихи-мемориалдық музейі - Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұра нысандарының бірі ретінде айрықша маңызға ие. Музей 1984 жылғы 6 қазанда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің арнайы шешімімен Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай кентінде ашылған. Ол ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстандағы революциялық қозғалыстың жетекшісі, саяхатшы, этнограф әрі публицист Әліби Тәжіұлы Жангелдиннің өмір жолы мен тарихи қызметін ғылыми тұрғыда зерттеп, халыққа насихаттау мақсатында құрылған.
Музейдің экспозициялық кеңістігі 7 негізгі залдан тұрады, олардың әрқайсысы қайраткердің өмірінің белгілі бір кезеңдері мен тарихи оқиғаларға арналған:
1. «Балалық шағы» залы - Ә.Жангелдиннің туған ортасы, отбасы, алғаш білім алған кезеңдері туралы деректер мен фотоматериалдар топтастырылған. Мұнда оның дүниеге келген Торғай өлкесінің этнографиялық ерекшеліктері мен тұрмыс-салты бейнеленген.
2. «1910-1912 жылдардағы жол-саяхаты» залы - қайраткердің Ресей, Батыс Еуропа және мұсылман елдері арқылы өткен ғылыми-этнографиялық саяхаттарын баяндайды. Бұл бөлімде оның саяхат барысындағы жазбалары, суреттері, құрал-жабдықтары және саяхат картасы көрсетілген.
3. «1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс» залы - 1916 жылғы қазақ халқының патша өкіметінің отаршыл саясатына қарсы көтерілісіндегі Жангелдиннің рөлі, көтерілісшілер пайдаланған қару-жарақтар, хаттамалар мен басқа да мұрағаттық құжаттар ұсынылған.
4. «Қызыл керуен» залы - Қазақстанның оңтүстік және батыс аймақтарына бағытталған үгіт-насихат жұмыстары мен материалдық көмек жеткізуді мақсат еткен Қызыл керуен экспедициясының тарихы баяндалған. Керуеннің бағыты арнайы карта арқылы берілген.
5. «Майдан мен тылды ұштастыру» залы - Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында отандастарымыздың ерлігі мен Жангелдиннің майданға аттануға тілек білдіргені жөніндегі И.В. Сталинге жазған тарихи хаты ұсынылған. Сонымен қатар, осы залда соғыс ардагерлерінің марапаттары, соғыс кезінде қолданған тұрмыстық заттары мен фотосуреттері қойылған.
6. «Этнографиялық бөлім» - ХІХ-ХХ ғасырлардағы қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы мен шаруашылығын бейнелейтін тұрмыстық заттар, қолөнер бұйымдары, киіз үй, ат әбзелдері және ұлттық киім үлгілері ұсынылған.
7. «Кешегі және бүгінгі түлеген Торғай» залы - аймақтың әлеуметтік-экономикалық, мәдени даму тарихына арналған. Мұнда өңірдің көрнекті тұлғалары - жазушылар, ғалымдар, өнер қайраткерлері туралы мәліметтер мен жәдігерлер жинақталған.
Музей қорында мыңнан астам тарихи-мәдени жәдігерлер сақталған. Олардың ішінде: Ә.Жангелдиннің Мәскеу қаласындағы «Утро России» газетінде жарияланған 1916 жылғы хабарландыруы; Ресейде, Орынборда және Қазандағы оқу орындарынан алған куәліктерінің түпнұсқалары; Төтенше әскери комиссар ретінде берілген куәлік; Жеке тұтынған заттары, жазу құралдары мен фотосуреттері; Қолданбалы өнер және археологиялық табыстар.
Музей қызметкерлері экспозициялық жұмыспен қатар, ғылыми-зерттеу, ағартушылық және патриоттық тәрбие бағытында бірқатар іс-шараларды жүзеге асырады. Атап айтқанда, мектеп оқушылары мен жастарға арналған экскурсиялар, ашық дәрістер, көрмелер, «Ашық есік күндері», тарихи тұлғаларға арналған әдеби кештер тұрақты ұйымдастырылады. Сонымен қатар музей қорындағы материалдар негізінде ғылыми мақалалар мен жинақтар дайындалып, жергілікті және республикалық басылымдарда жарияланып отырады.