Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Қызылорда қаласының тарихы музейі

Қызылорда қаласының тарихы музейі - Қызылорда өңірінің тарихы мен мәдени мұрасын жүйелі түрде зерттеу, сақтау және насихаттау бағытында қызмет атқаратын ғылыми-мәдени мекеме болып табылады. Музейдің құрылуы мен дамуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің тарихи кезеңдерімен тығыз байланысты. 2018 жылы Қызылорда қаласының 200 жылдық мерейтойы қарсаңында қаланың сол жақ жағалауынан жаңа музей ғимараты бой көтерді. Ғимараттың сәулеттік жобасы 1925-1929 жылдары Қазақ АКСР-нің астанасы болған Қызылорда қаласындағы Қазақ Орталық Атқару Комитетінің тарихи ғимаратының сызбасы негізінде жасалған. Бұл нысан тарихи сабақтастықты бейнелеп, қаланың астаналық кезеңіндегі сәулеттік келбетін қайта жаңғыртуға бағытталған. Жаңадан салынған бұл нысан «Қызылорда қаласының тарихы музейі» ретінде халық игілігіне берілді.

Музейдің ресми құрылуы 2019 жылдың 24 қаңтарында Қызылорда қаласы әкімдігінің қаулысымен жүзеге асты. Музейдің ғылыми қоры 1283 экспонатты құрайды. Экспозицияда жалпы 796 экспонат орналастырылған, олардың ішінде 287-сі негізгі қордан, 509-ы көмекші қордан алынған. Жинақталған экспонаттар қатарына этнографиялық бұйымдар, фотоматериалдар, тарихи құжаттар, нумизматикалық және археологиялық жәдігерлер, тұрмыстық заттар мен мәдени мұра нысандары кіреді. Музейдің жалпы аумағы 588 шаршы метрді құрайды және ғимарат бір қабатты. Оның ішінде: 222 шаршы метр - экспозициялық қызметке арналған; 160 шаршы метрін Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы жалға алып отыр.

Ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған, экспозициялық залдарда климаттық және жарық жүйелері орнатылған.

Қазіргі таңда музейде үш негізгі экспозициялық зал жұмыс жасайды. Әр зал Қызылорда қаласының тарихи кезеңдерін қамтитын мазмұнды және танымдық бағытта ұйымдастырылған:

1. «Алаш партиясының құрылуы және Ақмешіт-Перовск қаласының тарихы» залы - бұл залда ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басындағы Ақмешіт қаласының қалыптасуы, Перовск кезеңіндегі әкімшілік және әлеуметтік құрылым, сондай-ақ Алаш қозғалысының Қызылорда өңіріндегі қызметі мен маңызы көрсетілген. Архивтік құжаттар, фотосуреттер, сирек кездесетін тарихи экспонаттар ұсынылған.

2. «Қызылорда - Қазақстан Республикасының астанасы (1925-1929 жж.). Қала тарихының әлеуметтік-экономикалық дамуы (1938-1990 жж.)» залы - бұл залда Қызылорда қаласының астана болған кезеңіндегі мемлекеттік, мәдени және әлеуметтік-экономикалық дамуы көрсетілген. Сонымен қатар, кеңестік кезеңдегі индустрияландыру, халық ағарту ісі, денсаулық сақтау және тұрғын үй құрылысы сияқты маңызды салаларға назар аударылады.

3. «Қызылорда қаласы Тәуелсіздік жылдарында» залы - бұл бөлімде 1991 жылдан кейінгі кезеңдегі Қызылорда қаласының даму тарихы, әлеуметтік-экономикалық жетістіктері, мәдени өмірдегі өзгерістер мен жаңғырулар кеңінен қамтылған. Тәуелсіздік жылдарындағы маңызды оқиғалар, өңірлік бағдарламалар, жаңа құрылыстар, әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ Елбасы мен Президент сапарларына қатысты жәдігерлер орналастырылған.

Қызылорда қаласының тарихы музейі - аймақтың өткені мен бүгіні туралы білім мен рухани құндылықтарды келешек ұрпаққа жеткізетін маңызды мәдени-институционалдық орталық. Музейдің ғылыми, мәдени және ағартушылық қызметі өңірлік тарихты жүйелі түрде зерделеуге және ұлттық тарихи сананы қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Мекенжайы Қызылорда облысы, Қызылорда қаласы, Мұхамеджанов көшесі 5 А
Scroll to Top