Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі

«Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі» филиалы - Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұрасын жүйелі зерттеу, сақтау және жұртшылыққа насихаттау мақсатында қызмет атқаратын ғылыми-мәдени мекеме болып табылады. Мекеме алғаш рет 1990 жылы қоғамдық бастамамен ұйымдастырылып, 1993 жылдың наурыз айынан бастап Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық филиалы ретінде өз жұмысын бастады. Ал ресми түрде 1996 жылы Қызылорда облыстық мәдениет басқармасының №31 бұйрығына сәйкес құрылған. 2024 жылы аудан көлемінде «Руханият» орталығының іргетасы қаланып, 2025 жылдың 20 ақпанынан бастап музей осы жаңа, заманауи ғимаратқа көшіріліп, өз жұмысын жаңа кеңістікте жалғастырды.

Бүгінгі таңда музейдің жалпы көлемі 313,8 шаршы метрді құрайды. Қорда 11 801 жәдігер жинақталған, оның ішінде 7 115 бірлік - негізгі қор, 4 686 - көмекші қор санатына жатады. Музей материалдары Сырдария ауданының әкімшілік-аумақтық құрылымы, экономикалық-мәдени дамуы, тарихи тұлғалар мен қоғам қайраткерлерінің қызметі жөніндегі құнды деректермен толықтырылған.

Экспозициялық құрылымы бойынша музей «Сырдария ауданының тарихы» атты бір ғана кең залдан тұрады. Бұл залда келесі тақырыптық бағыттар қамтылған:

• Ауданның ежелгі және ортағасырлық кезеңдері (Асанас, Қышқала қалашықтары),

• Табиғи-географиялық ерекшеліктері (өсімдіктер мен жануарлар дүниесі),

• Қасиетті орындар мен тарихи тұлғалар: батырлар, билер, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары,

• Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы, Чернобыль апаты және Семей ядролық сынақ полигонына қатысқан азаматтардың өмір деректері,

• Ауыл шаруашылығы саласындағы озаттар, білім мен мәдениет қайраткерлері,

• Тәуелсіз Қазақстан кезеңіндегі ауданның даму үдерістері.

Музейдің ерекше жәдігерлері қатарында: Аралбай батырдың қылышы, Бес қару, Абай Құнанбаев пайдаланған асадал (шкаф), Сауранбай болыстың кебежесі, 200 жылдық тарихы бар шаңырақ, 100 жылдық ағаш төсек, сықырлауық есік, түкті және тақыр кілемдер, қоржындар мен кесеқаптар, мыс және керамикалық ыдыстар, қобыздар топтамасы, зергерлік әшекейлер, сирек қолжазбалар мен архивтік құжаттар бар. Сондай-ақ музейде ҚР Суретшілер одағының мүшелері Ш. Сейтмұратов, Ш. Сәменов, Ж. Маханбет, Ж. Исмағұлов сынды қылқалам шеберлерінің көркем туындылары да орын алған.

Музейдің негізгі миссияларының бірі - халықтың ғасырлар бойғы мәдени мұрасын келешек ұрпаққа ғылыми-танымдық негізде жеткізу. Осы мақсатта музей қызметкерлері аудан тарихына қатысты этнографиялық жәдігерлерді зерттеп, олардың ғылыми сипаттамасын жасаумен айналысады.

Ғылыми-зерттеу жұмыстары барысында музей мамандары жергілікті өлкетанушылармен, мектеп мұғалімдерімен, ауыл ақсақалдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, далалық зерттеулер мен сұхбаттар арқылы құнды деректер жинайды. Зерттеу бағыттары Сырдария ауданының тарихын көне дәуірден бүгінге дейінгі кезеңде қарастыруды, аудан аймағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді, ауыл шаруашылығы мен өнер-білім саласында еңбек еткен тұлғаларды қамтуды мақсат тұтады. Музейдің ғылыми-зерттеу бағытындағы жұмыс жоспарлары облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми кеңесі тарапынан бекітіліп, экспозициялық мазмұн мен тақырыптық құрылым осы жоспарлар негізінде жүзеге асырылады.

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейі - өлке тарихын жүйелі зерделеумен қатар, халық жадында сақталған тарихи-мәдени мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін, ғылыми негіздегі зерттеулер мен ағартушылық іс-шараларды ұштастыра атқаратын маңызды мәдени орталық болып табылады.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт museum-kyzylorda.kz
Мекенжайы Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тереңөзек кенті, Абай көшесі 29
Scroll to Top