Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі
Музей - Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, жазушы және әскери стратег Бауыржан Момышұлының өмірі мен ерлігіне арналған маңызды мәдени-тарихи мекеме.
Музейдің құрылысы 1990 жылы басталып, 1995 жылдың 5 мамырында салтанатты түрде ашылды. Ғимарат кірпіштен салынған, жалпы ауданы - 350 шаршы метрді, ал экспозициялық алаңы - 260 шаршы метрді құрайды. Музей қорында 2074 жәдігер сақталған, оның ішінде 1200-ге жуық экспонат экспозициялық залдарда келушілер назарына ұсынылған.
Музейдің басты мақсаты - Бауыржан Момышұлының тарихи тұлғасын, әскери ерлігін және әдеби мұрасын келер ұрпаққа жеткізу, отансүйгіштік пен ұлттық рухты тәрбиелеу, сондай-ақ оның өмір жолын зерттеп, насихаттау арқылы мәдени және тарихи жадыны сақтау.
Экспозициялар кешені Бауыржан Момышұлының өмірінің әр кезеңін қамтиды. Олар қатарында: майдан даласындағы фотосуреттерден тұратын фотоколлаж, әскери және бейбіт өмірде киген киімдері, тұрмыстық және жеке пайдаланған заттары, домбырасы, төсек-орын жабдықтары, жұмыс кабинетінің жиһаздары мен кітаптары бар. Бұл жәдігерлер батырдың тұлғалық болмысын, рухани әлемін және тарихи рөлін кеңінен ашып көрсетеді.
Музейдің бір залы Мәскеу түбіндегі шайқасқа, атап айтқанда 28 панфиловшының ерлігіне арналған. Бұл залда аты аңызға айналған 316-атқыштар дивизиясының тарихы кеңінен баяндалады. Екінші экспозициялық кеңістік Бауыржан Момышұлының соғыстан кейінгі өмірі мен оның жазушы ретіндегі шығармашылық қызметіне арналған. Мұнда жазу үстелі, «Ундервуд» маркалы неміс жазу машинкасы, қыран мүсіні, орындық, аспашам, кілем және басқа да оның күнделікті өміріне қатысты жәдігерлер қойылған.
2011 жылы Бауыржан Момышұлының отбасы, соның ішінде келіні Зейнеп Ахметова музей қорын жаңа жәдігерлермен толықтырды. Олардың қатарында: Бауыржан Момышұлы немерелеріне арнап жасаған қазақы оюлармен безендірілген альбомдар, мүштік жинағы, Кубадан алып келген Хосе Марти мүсіні және басқа да құнды заттар бар.