Міртемір атындағы әдебиет музейі
Міртемір атындағы әдебиет музейі
Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы
Міртемір атындағы әдебиет музейі - Өзбекстанның халық ақыны, көрнекті қаламгер Міртемір Тұрсыновтың өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған әдеби-мемориалдық мәдени мекеме. Музей 1990 жылы ашылған.
Міртемір Омарбекұлы Тұрсынов (1910-1978) - Өзбекстанның халық ақыны, Түркістан қаласына қарасты Ескі Иқан ауылының тумасы. Ол ұзақ жылдар бойы білім беру саласында, баспасөз редакцияларында, баспа орындарында және Өзбекстан Жазушылар одағында түрлі жауапты қызметтер атқарған.
Ақын көптеген поэтикалық және прозалық шығармалардың авторы. Атап айтқанда, «Шұғылалар қойнында», «Зафар», «Коммуна», «Байтахт» атты өлеңдер жинақтары, «Аш жалаңаштар елінде» романы, сондай-ақ «Өлеңдер», «Таңдамалы шығармалар», «Жаңа өлеңдер» сияқты еңбектері жарық көрген. Сонымен қатар ол әлем әдебиетінің көрнекті өкілдері А. Пушкин, М. Ю. Лермонтов, Г. Гейне, Ш. Руставели, Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Ә. Тәжібаев және басқа да ақындардың шығармаларын өзбек тіліне аударған.
Міртемір Тұрсынов қазақ пен өзбек халықтарының рухани және мәдени байланысын нығайтуға ерекше үлес қосқан қаламгер ретінде танымал. Оның «Абай ата» атты арнау өлеңі қазақтың ұлы ақыны Абайға деген өзбек халқының құрметін айқын көрсетеді.
Музей ғимаратының жалпы ауданы 133 шаршы метрді құрайды.
Музей экспозициясы үш негізгі тақырыптық бөлімге бөлінген.
«Міртемірдің балалық және оқу жылдары. Саяси қуғын-сүргін кезеңі. Аудармашылық қызметі» залында ақынның өмір жолы, балалық шағы, білім алған жылдары, сыныптастары, достары мен туған-туыстары туралы деректер ұсынылған. Сонымен қатар мұнда оның саяси қуғын-сүргінге ұшыраған кезеңіне қатысты тарихи құжаттар, естеліктер, қолжазбалар, араб-парсы тілдеріндегі көне кітаптар, алғашқы шығармалары және жарық көрген еңбектері сақталған.
«Міртемір - достық жаршысы» бөлімінде ақын шығармашылығындағы қазақ пен өзбек халықтарының достығы мен ынтымағын бейнелейтін құжаттар мен музейлік жәдігерлер көрсетілген. Бұл бөлімде сондай-ақ белгілі тұлғаларға арналған арнайы бұрыштар ұйымдастырылған: ҚР-ның еңбек сіңірген қызметкері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Х. Есенқарақызына арналған бұрыш, ақын-жазушы С. Ерубаев және айтыскер ақын Қ. Сарыбаевқа арналған экспозициялық бұрыштар бар.
«Кірпіктерім» бөлімінде Міртемір Тұрсыновтың Түркістан өңірінен шыққан шәкірттері - ақындар, жазушылар, ғалымдар мен өнер қайраткерлері туралы материалдар жинақталған.
Бүгінгі таңда музей қорында 2805 музейлік зат сақтаулы.
Көрнекті ақын Міртемір Тұрсыновтың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты насихаттау, оның баға жетпес әдеби мұрасын келер ұрпаққа жеткізу - музей ұжымының басты міндеттерінің бірі. Экспозициялар арқылы ақынның поэтикалық мұрасы мен аудармашылық шеберлігі кеңінен таныстырылады. Музей жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге, ұлттық сана мен тарихи жадыны нығайтуға және мәдени сабақтастықты сақтауға маңызды үлес қосады.