Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі
Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі Қарағанды облысы Қарқаралы қаласындағы маңызды мәдени-ағартушылық, ғылыми және тарихи орталықтардың бірі. Музей 1977 жылы 7 қарашада Ұлы Отан соғысының ардагерлері Ә. Аймақов, С. Аманбаев, Б. Иманқұлов, Ш. Мезгілбаев, Н. Спатаев бастаған ынталы топтың бастамасымен қоғамдық негізде құрылды. Музей ісінің алғашқы қалыптасуына өлке зиялылары мен қоғам белсенділері - Б. Дуанбеков, Қ. Баймұханбетов, Ж. Қадауов, Е. Едігин, С. Түсіпбеков, М. Аубакиров, Т. Тохметов, Б. Ахметова, А. Омарбаев, А. Ахметов елеулі үлес қосты. Музей кеңесі құрылып, оның алғашқы төрағасы болып Ш. Мезгілбаев сайланды.
Қарқаралы музейі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1979 жылғы 5 қазандағы №511 өкімі және Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің 1979 жылғы 11 қазандағы №462 бұйрығына сәйкес Қарағанды облыстық өлкетану музейінің филиалы ретінде ресми мәртебе алды. Ал 1980 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі дербес мекеме ретінде жұмысын бастады.
Музей орналасқан ғимарат 1870 жылы уездік патша әкімшілігінің кеңсесі ретінде салынған. Жергілікті тұрғындар оны «Ақ кеңсе» деп атаған. Бұл нысан - Қарқаралы қаласының тарихи-архитектуралық ескерткіштерінің бірі. 1918 жылы осы ғимаратта Қарқаралы уезіндегі алғашқы Кеңес үкіметі (Совдеп) құрылып, жұмыс істей бастады. Кеңес үкіметі кезеңінде бұл ғимаратта мемлекет қайраткерлері Нығмет Нұрмақов, Мүтәліп Тәтімов, Абдолла Асылбеков, Өзбекәлі Жәнібеков секілді ірі тұлғалар қызмет атқарған. 1934 жылы мемлекет және партия қайраткері С.М. Киров Қарқаралыға келіп, осы ғимаратта партактив жиналысын өткізгені тарихи дерек ретінде сақталған.
Музей қорында қазіргі таңда 8300-ге жуық жәдігер жинақталған. Жинақтар құрамына археологиялық артефактілер, этнографиялық жәдігерлер, ұлттық қолданбалы өнер бұйымдары, нумизматикалық заттар, сирек кітаптар, қолжазбалар, тарихи құжаттар мен фотоматериалдар, сондай-ақ кәсіби суретшілердің картиналары кіреді. Бұл материалдар өлкелік тарих пен мәдениеттің әртүрлі қырларын ашып көрсетеді. Экспозициялық аумағы 6712 шаршы метрді құрайды.
Музей құрылымы 7 залдан тұрады, онда Қарқаралы өңірінің ежелгі тас дәуірінен бастап қазіргі Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне дейінгі тарихи-мәдени дамуы көрсетілген. Әр зал тарихи кезеңдерді, қоғамның әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістерін, аймақтың рухани және материалдық мәдениетін сипаттайтын мазмұнды материалдарға негізделген. Қарқаралы тарихи-өлкетану музейі - аймақтың бай тарихын сақтау мен ұрпаққа жеткізуде, өлке тұлғаларының еңбегін насихаттауда, сондай-ақ қоғамдық сананы тарихи тұрғыдан тәрбиелеуде маңызды қызмет атқарып келе жатқан ғылыми-мәдени мекеме болып табылады.