Батыс Қазақстан облыстық тарихи - өлкетану музейі
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстандағы ең көне музейлердің бірі, оның тарихы екі ғасырға жуық уақытты қамтиды. Музейдің басты миссиясы - Ақ Жайық өңірінің бай тарихи-мәдени мұрасын зерделеу, сақтау және оны көпшілікке таныстыру арқылы жергілікті халықтың, жастардың және қала қонақтарының тарихи танымын арттыру болып табылады.
Музейдің негізі 1836 жылы Орал әскери училищесі жанында ұстаз М. Курилин мен өлкетанушы Г. Карелиннің бастамасымен, өңір тарихына қатысты жәдігерлерді жинақтау арқылы қаланды. Бүгінгі таңда музей орналасқан ғимарат - 1879 жылы орыс-қазақ (қырғыз) мектебі ретінде шығыстық стильде салынған сәулет ескерткіші мәртебесіне ие тарихи құрылыс.
Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 121 217 сақтау бірлігі бар. Қорда археологиялық жәдігерлер, этнографиялық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, қолөнер туындылары, ұлттық киімдер, қару-жарақтар, сирек кездесетін кітаптар, сондай-ақ өнер қайраткерлерінің жеке заттары мен құнды құжаттар жинақталған. Атап айтқанда, б.з.д. IV-II ғасырларға жататын алтын әшекейлер, XVIII-XIX ғасырлардағы тұрмыстық бұйымдар, Құрманғазы Сағырбайұлына қатысты архивтік деректер, Дина Нұрпейісованың камзолы, Сейтектің домбырасының көшірмесі, Жәңгір хан мен Фатима ханымның киім үлгілері, Т. Шевченко салған Н.Ф. Савичевтің графикалық бейнесі, Ә. Қастеевтің «Қыз Жібек пен Төлеген» туындысы, сондай-ақ Ж.Молдағалиев, Қ. Мырзалиев, Т. Жароковтың жазу құралдары, Ғ. Құрманғалиев, Х. Бөкеева, Р. Жаманова сияқты өнер қайраткерлерінің сахналық костюмдері мен зергерлік бұйымдар сақталған.
Музей экспозициясы Ақ Жайық өңірінің тарихи дамуын кезең-кезеңімен сипаттайтын 7 экспозициялық залдан тұрады:
1. Археология залы - Қырық оба, Сегізсай (Лебедевка) қорымдарынан табылған жәдігерлер негізінде өңірдің ерте дәуір тарихы ұсынылған. Ерекше орын алатын артефакт - 2012 жылы Теректі ауданы Долинное ауылынан табылған, савромат-сармат кезеңіне жататын «Алтын ханшайым» кешені.
2. Жайық қалашығының тарихы залы - Жайық қалашығының өркениет ошағы ретінде қалыптасу тарихын баяндайды. Залда көне қоныс орнының макеті мен болашақта жүзеге асырылатын ашық аспан астындағы музей жобасы таныстырылады.
3. Қазақ хандығы және Бөкей Ордасы залы - Қазақ хандығының құрылуы, билік құрған хандар (Керей, Жәнібек, Кенесары, Жәңгір хан) туралы құнды деректер, қазақ халқының шаруашылығы мен тұрмысы, киіз үй фрагменті арқылы ұсынылған.
4. Жауһар жәдігерлер залы - музейдің зергерлік әшекейлер мен күміс бұйымдар коллекциясымен қатар, Ә. Қастеевтің 1941 жылы салған «Қыз Жібек пен Төлегеннің кездесуі» атты түпнұсқа графикалық жұмысы көрсетіледі.
5. XX ғасыр тарихы залы - ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының саяси қызметін, Алаш қозғалысының құрылуын, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтердің қоғамдық-саяси қызметін сипаттайтын мұрағаттық материалдар ұсынылған.
6. Өнер залы - Құрманғазы, Дина, Сейтек, Мұхит, Ғарифолла секілді өнер тарландарына арналған жәдігерлерден тұрады. Залда Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің тарихы, Қали Жантілеуовтің домбырасы, Тұяқберді Шәмілов пен Марат Бисенғалиев туралы деректер қамтылған.
7. Тәуелсіз Қазақстан залы - Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік жылдарындағы дамуы, Елтаңба, Ту, Әнұран, Астана қаласының даму тарихы, облыстың экономика, білім, мәдениет, спорт салаларындағы жетістіктері көрініс табады.