Тапанша
Суреттер жүктелуде...
Сипаттама
Тапанша. «Велодог» маркасындағы тапанша, қысқа қашықтықтағы (50-70 м) қарсыластың тірі күшін жоюға арналған. Салмағы-300 г, ұңғы диаметрі-5,5 мм. Айналмалы барабанына 5 оқ сияды. Барабанның оң жағында «7552» нөмірі қашалған. Қарудың корпусы мен бөлшектерінде «PV 3», «BROWNING», «G. MAYOR LAUSANNE», «Чокану Валиханову» деген жазулар, сондай-ақ «1858» жыл белгісі көрсетілген. Сақтандырғыштың сол жағында «SUR» (жоғарғы позиция) және «FEU» (төменгі позиция) деген латын жазулары бар. Бельгиялық қару-жарақ өнеркәсібіне тән «ELG» белгісі бар тәжі бейнеленген сопақша таңба және «19» саны таңбаланған. Револьверді XIX ғасырдың ортасында француз инженері Шарль Франсуа Галан ойлап тапқан. Тарихи деректерге сәйкес, қару Шоқан Уәлихановқа Қашқария экспедициясы кезінде өзін-өзі қорғау мақсатында берілген. Жәдігер 1958 жылы 12 наурызда №165 акт бойынша Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің №3 бұйрығымен Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музей қорына тіркеліп, Геннадий Васильевич Поповтан 100 сомға сатып алынған.