Шыңылтырлы құмыра Жанкент қалашығынан табылған ортағасырлық тұрмыстық керамикалық бұйым болып табылады. Жәдігер VII-XI ғасырларға мерзімделеді. Құмыра 2015 жылы Жанкент қалашығында жүргізілген археологиялық экспедиция барысында анықталған.
Құмыра сапалы күйдірілген қыштан жасалған және шыңылтырмен қапталған. Ернеуі сынғанымен, бұйымның жалпы пішіні мен функционалдық белгілері жақсы сақталған. Үй тұрмысында пайдаланылған ыдыс қатарына жатады.
Жәдігердің ерекше белгісі - құмыраның астыңғы бөлігінде араб жазуымен түсірілген «Мың ділдә» деген жазудың болуы. Бұл жазу бұйымның иелік белгісі, құны немесе тұрмыстық-экономикалық мәнін білдіретін символдық жазба ретінде түсіндірілуі мүмкін. Археологтардың айтуынша импорт өнім болып табылады. Бетінде ақ түсті шыңылтырмамен қапталған.
Аталған шыңылтырлы құмыра Жанкент қаласының ортағасырлық тұрмыстық мәдениетін, жазу дәстүрінің керамикада қолданылуын және қыш өндірісінің жоғары технологиялық деңгейін айғақтайтын маңызды дереккөз болып табылады.