Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Орал Таңсықбаев

2025 жылдың 19 наурызы мен 1 маусым аралығында Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде көрнекті суретші Орал Таңсықбаевтың бірегей ретроспективті көрмесі ұсынылды.

«Бұл көрме Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайту жолындағы тағы бір қадам болмақ. Көрме музейдің 90 жылдық мерейтойымен қатар, оған Ұлттық мәртебе берілген жылы ашылып отыр, бұл еліміздің мәдени өміріндегі ерекше оқиға», – деп атап өтті Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінің директоры Жұмабекова Гүлайым Мұсағұлқызы.

Экспозиция Орал Таңсықбаевтың өмірі, оның драмаға толы шығармашылық тағдыры мен шебердің қолтаңбасының күрделі эволюциясы туралы – бастапқы кезеңдердегі модернистік эксперименттерден бастап, терең символизм мен философиялық мағынаға толы монументалды пейзаждарға дейін кеңінен таныстырды.

Көрме қонақтары Ташкент қаласындағы Мемлекеттік өнер музейі мен Орал Таңсықбаевтың музей-үйінен, Нүкіс қаласындағы Қарақалпақстан Республикасы Мемлекеттік өнер музейінен келген, сондай-ақ Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің қорынан алынған 78-ге жуық кескіндеме және графика туындыларын тамашалады.

Көрмеде О. Таңсықбаевтың орыс авангарды мен француз модернистерінің ықпалын көрсететін алғашқы туындыларына ерекше назар аударылды. Экспонаттар арасында атақты «Күрең күз» (1931), «Автопортрет» (1935) картиналары, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі туындылар мен «жылымық» кезеңінің көрнекті пейзаждары ұсынылды.

Scroll to Top