Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Боран Нысанбаев атындағы «Әскери-Даңқ» музейі

Атырау облыстық тарихи - өлкетану музейіне қарасты Боран Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» бөлімшесі
Боран Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» бөлімшесінің негізгі бағыты мен бейіні Атырау өңірінің әскери тарихын кеңінен насихаттауға бағытталған. Бөлімшенің басты мақсаты - Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың ерлігін, сондай-ақ Отан қорғау жолында жанқиярлық танытқан жерлестеріміздің өмірі мен ерлік жолын жан-жақты таныстыру.«Әскери Даңқ» бөлімшесінің экспозициясы бірнеше мазмұндық бағыттарды қамтиды. Онда Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі тарихи оқиғалар, Атырау өңірінен майданға аттанған жауынгерлердің ерлігі, сондай-ақ тыл еңбеккерлерінің қажырлы еңбегі кеңінен көрсетілген. Экспозицияларда соғыс жылдарындағы құжаттар, сирек фотосуреттер, марапаттар мен жауынгерлердің жеке заттары көпшілік назарына ұсынылады.Сонымен қатар, экспозицияда интернационалдық борышын өтеген жерлестеріміздің ерлігі, олардың өмір жолы мен естеліктері жинақталған. Бөлімше атауын иеленген Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың өмірбаяны, ел алдындағы еңбегі мен көрсеткен ерлігі жеке тақырып ретінде жан-жақты таныстырылады.Боран Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» бөлімшесі - тек тарихи экспонаттар қойылған орын ғана емес, ол ерлік пен елдік рухты өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін маңызды патриоттық-тәрбиелік орталық болып табылады.
Боран Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» музейінің қалыптасу тарихы
Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың ерлігі жұртшылыққа Ұлы Жеңістің 20 жылдығы қарсаңында кеңінен таныла бастады. Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Президиумының 1965 жылғы 23 сәуірдегі №324 қаулысына сәйкес Зеленый орта мектебіне Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың есімі берілді. Осы жылдан бастап мектеп қабырғасында батырға арналған арнайы бұрыш жасақталды.
1977 жылғы 1 қыркүйекте мектеп жаңа ғимаратқа көшіп, сол ғимараттың екінші қабатындағы жарық әрі кең бөлмеде Боран Нысанбаевтың есіміне арналған музей ұйымдастырылды. Музей жұмысына алғашқы күннен бастап Қазақ КСР-нің еңбегі сіңген мұғалімі, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Мүнира Тұрғалиева жетекшілік етті.
Атырау облысы Мәдениет басқармасының 2011 жылғы 29 сәуірдегі №83 бұйрығына сәйкес музей Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің Боран Нысанбаев атындағы «Әскери Даңқ» музей бөлімшесі ретінде қайта құрылды.
2020 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығына орай музей арнайы жеке ғимаратқа көшіріліп, экспозициялық залдар кеңейтілді. Осы кезеңде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» экспозициялық залы жаңадан жасақталып, музей қоры бірнеше жеке тақырыптық экспозициялармен толықтырылды.
Музей экспозициясы келесі негізгі тақырыптық бөлімдерден тұрады.
1. Боран Нысанбаевтың балалық шағы
2. Батырдың білім алған мектебі
3. Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы (фотоэкспозиция, коллаж түрінде)
4. Соғыс диорамасы және Боран Нысанбаевтың ерлігіне арналған диорама
5. Жеңіс. Батырлардың елге оралуы. Атырау облысы бойынша Кеңес Одағының Батырлары
6. КСРО оқу ісінің үздігі, музей ұйымдастырушысы Мүнира Тұрғалиеваға арналған экспозиция
7. Қазақ халқының батыр қыздары-Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова, тұңғыш қазақ ұшқыш қызы, Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанова, сондай-ақ Көктоғай ауылынан 1979-1989 жылдардағы Ауған соғысына қатысқан интернационалист жауынгерлерге және Индер ауданы бойынша Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге арналған экспозициялар.
Қордағы  құнды  жәдігер.
Музей қорындағы құнды жәдігерлердің бірі-1975 жылы Кеңес Одағының  Батыры Боран Нысанбаев ерлік көрсеткен жерден табылған снаряд жарқыншағы және винтовка бытыралары . Жәдігерлер Ресей  Федерациясы, Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясы аумағынан табылған.
1. Снаряд  жарқыншағының пішіні ұзынша, шеттері тегіс емес, беті кедір-бұдырлы, түсі қара-сұр. Жәдігердің ұзындығы - 12 см, салмағы -100 грамм.
2. Винтовка бытыралары қорғасын материалынан жасалған. Пішіні ұзынша және домалақ, беткі  қабаты тегіс емес, соғыс салдарынан деформацияға ұшыраған. Түсі қара-сұр, кей бөліктерінде тотығу іздері байқалады. 
Аталған  жәдігерлер Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиян-кескі шайқастардың нақты куәсі ретінде музей қорында сақталып, келушілерге ұсынылып отыр.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:30
Билет құны 300 тг.
Веб-сайт atyrau-museum.kz
Мекенжайы Атырау облысы, Индер ауданы, Көктоғай ауылы, Сейфуллин көшесі 39
Scroll to Top