Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі
Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі 1991 жылдың 22 ақпанында ұлы күйші, қазақ халқының көрнекті өнер иесі, жерлесіміз Дина Нұрпейісованың туғанына 130 жыл толуына орай құрылды. 2008 жылдан бастап аталмыш музей Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы ретінде тіркеліп, қайта жаңғыртудан өтті. Осы кезеңде музей экспозициялық кеңістігі кеңейтіліп, жаңа жәдігерлермен және тың тарихи-мәдени деректермен толықтырылды. Жалпы аумағы 115 шаршы метрді құрайтын музей қазіргі заман талабына сай жабдықталған, тұрақты көрмелік құрылымнан тұратын үш негізгі бөлімнен құралады: этнография залы, өнер тарихы залы және аудан тарихы залы.
1. Этнография залы - Жаңақала өңірінің тарихи-мәдени және этнографиялық мұрасын қамтиды. Бұл залда 1871 жылы сауда орталығы ретінде іргесі қаланған Жаңа Қазан елді мекенінің тарихына арналған фотосуреттер мен тұрмыстық бұйымдар қойылған. Сонымен қатар, қазақ халқының дәстүрлі тұрмысы мен салт-дәстүрін бейнелейтін жәдігерлер - тұскиіз, ақ басқұр, уық баулар, ағаш қазан, ағаш табақ, үкі сапты ожау, қол диірмендері, жастық ағаш, кебеже сандықтар мен тұс кілемдер көрермен назарына ұсынылған. Сондай-ақ төрт түлік мал шаруашылығына қатысты еңбек құралдары мен кәсіби тұрмыстың көріністері де экспозиция мазмұнын толықтырады.
2. Өнер тарихы залы - қазақ дәстүрлі музыкасының негізін қалаған күйші-композиторлардың өмірі мен шығармашылығына арналған. Бұл залда Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова, Мәмен Ерғалиұлы, Сейтек Оразалыұлы, Оқап Қыдырниязов, Қали Жантілеуов сынды өнер иелерінің өмірі мен мұрасын айғақтайтын құнды жәдігерлер сақталған. Олардың қатарында жеке тұтынған бұйымдары, сахналық киімдері, домбыралары, фотосуреттері мен құжаттық деректері бар. Сонымен қатар Тұрат Шәмілов пен Шамғон Қажығалиевтің де жеке заттары экспозициядан орын алған.
3. Жаңақала ауданының тарихы залы - ауданның құрылуынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі тарихына қатысты материалдарды қамтиды. Бұл бөлімде Жаңақаладан шыққан қоғам және мемлекет қайраткерлері, Социалистік Еңбек Ерлері, Кеңес Одағының Батырлары, сондай-ақ еңбек және соғыс ардагерлері туралы деректер жүйеленіп ұсынылған.
Музей қорында 2596 экспонат жинақталған. Оның ішінде 1791 жәдігер - түпнұсқа, ал 805-ке жуық материал көшірме түрінде сақталған. Құнды жәдігерлердің қатарында күй анасы Дина Нұрпейісованың камзолы, оның жиені Ниетқали Өтегеновтың домбырасы, немересі Балжан Жұрынбайқызының күміс сырғасы мен сақинасы, сондай-ақ Қоңырдың қызы Бағила Бишайованың тас құманы мен шыны аяғы сынды сирек экспонаттар ерекше орын алады.
Дина Нұрпейісова атындағы өнер тарихы музейі - ұлттық мәдени мұраны сақтау, зерттеу және насихаттау ісінде маңызды рөл атқаратын, аймақтың тарихи-мәдени келбетін бейнелейтін бірегей мекеме болып табылады.