Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

«Домбыра-ұлттық рух» музейі

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылымдық бөлімшесі болып табылатын «Домбыра - ұлттық рух» музейі 2024 жылдың 1 шілдесінде - Ұлттық домбыра күніне орай салтанатты түрде ашылды. Музейдің негізгі мақсаты - қазақ халқының ұлттық аспабы - домбыраның тарихи дамуын, мәдени рөлін және өңірден шыққан көрнекті күйші-домбырашылардың шығармашылығын таныту, насихаттау.

Музей көне шығыс мавритандық сәулет стилінде салынған тарихи ғимаратта орналасқан және төрт экспозициялық залдан тұрады.

1. «Домбыра тарихы» залы - аталған залда домбыраның ежелгі үлгілері мен археологиялық тұрғыда маңызды нұсқалары ұсынылған. Экспозицияда V ғасырға, көне түркі дәуіріне жататын, Алтай өңіріндегі үңгірден табылған абыз домбыраның макеті ерекше орын алады. Сонымен қатар, күй өнеріне қатысты қазақтың мифологиялық-аңыздық мұраларын бейнелейтін иллюстрациялар мен ХІХ-ХХ ғасырларға тиесілі домбыралар коллекциясы орналастырылған. Бұл залда қазақтың музыка мәдениетінің тамыры тереңде жатқанын айғақтайтын тарихи жәдігерлер жинақталған.

2. «Құрманғазы Сағырбайұлы» залы - бұл залда ұлы күйші Құрманғазы Сағырбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған экспозициялар жинақталған. Атап айтқанда, 1962 жылы Батыс Қазақстан облыстық музейі қорына алынған Құрманғазының сауыты алғаш рет экспозицияға қойылып отыр. Сонымен қатар, Махамбет Өтемісұлының домбырасы мен бейнесі, Құрманғазының домбырасының көшірмесі, төре күйлерінің негізін салған Дәулеткерей Шығайұлының бейнесі, Дина Нұрпейісованың домбырасы мен шапаны, күйші Сейтек Оразалыұлының суреті мен қазақ киіз үйінің үлгісі қойылған.

3. «Құрманғазы оркестрі» залы - бұл залда Құрманғазы атындағы ұлттық халық аспаптар оркестрінің тарихына арналған материалдар ұсынылған. Оркестрдің негізін қалаған тұлғалар - Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский, Лұқпан Мұхитов, Қамбар Медетов, Махамбет және Науша Бөкейхановтың фотосуреттері, сонымен қатар Қали Жантілеуов, Оқап Қабиғожин, Тұяқберді Шәмелов сияқты дәулескер домбырашылардың аспаптары, Шамғон Қажығалиевтің сахналық костюмі және оркестрде қолданылған ұлттық аспаптар мен сахналық киімдер қойылған.

4. «Батыс өңірінің домбырашылары» залы - бұл залда Батыс Қазақстан өңіріне тән күйшілік және әншілік мектептің өкілдері туралы мәліметтер ұсынылған. Экспозицияда Мәмен Ерғалиұлы, Меңдіғали Сүлейменов, Ерғали Есжанов, Макар Жапаров, Мұхит Битенов сынды өнер иелерінің фотосуреттері, сондай-ақ дәстүрлі әнші Қаламқас Орашеваның және Ғарифолла Құрманғалиевтің сахналық киімдері ұсынылған. Жақсылық Сәрсенғалиев, Қалампыр Рахимова сияқты өнер майталмандарының фотосуреттері де осы залдан орын алған. Бұған қоса, Батыс өңірінде алғаш құрылған халық аспаптар оркестрлерінің фотосуреттері мен домбыралары экспозицияны толықтырады. Ерекше жәдігер ретінде - қазақтың атақты қобызшысы Ықылас Дүкенұлы ұстаған қобыздың көшірмесін атап өтуге болады. Бұл құнды жәдігерді музейге Дина Нұрпейісова атындағы қазақ халық аспаптары академиялық оркестрінің солист-қобызшысы, өнертану кандидаты, мәдениет саласының үздігі, Ықыластың ұрпағы Ақнар Тәттібайқызы ресми түрде табыстаған.

«Домбыра - ұлттық рух» музейі - ұлттық музыкалық мұраны, дәстүрлі орындаушылық өнерді, тарихи тұлғалардың рухани-мәдени мұрасын танытатын маңызды ғылыми-мәдени орталық болып табылады. Музей материалдары этнографиялық, тарихи және музыкалық зерттеулер үшін құнды дереккөз ретінде де маңызға ие.

Жұмыс уақыты 10:00 - 18:00
Билет құны 150 тг.
Веб-сайт www.olke.kz
Мекенжайы БҚО, Орал қаласы, Н. Назарбаев даңғылы 206/1
Scroll to Top