Откройте для себя

богатую историю и культуру Казахстана

 

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі - Қазақстандағы ең көне әрі ауқымды музейлердің бірі болып табылады. Бұл мәдени-ағартушылық мекеме 1920 жылы құрылған және өзінің тарихында сан алуан ғылыми, этнографиялық, археологиялық, табиғи және мәдени мұраны жүйелі түрде жинап, зерделеп, сақтап келе жатқан іргелі ғылыми орталық ретінде қалыптасты. Музейдің бастапқы кезеңі Сырдария губерниялық халық ағарту бөлімінің педагогикалық зертханасы және педагогикалық музейі ретінде басталды. Оның басты мақсаты қала мектептерін көрнекі оқу құралдарымен қамтамасыз ету болатын. 1925 жылы музейдің құрылымы қайта жаңғыртылып, белгілі археолог және шығыстанушы М.Е. Массонның жетекшілігімен музей ісіне тың серпін берілді. Осы уақыттан бастап музей екі негізгі бағытта - өңірдің өндіргіш күштерін және тарихи-мәдени мұрасын зерттеу салаларында жұмыс жүргізе бастады.

Музейдің ғылыми негізде қалыптасуына өлкетанушылар Б.П. Тризна, И.К. Шпота, Т. Шпота, Н.В. Руднев, Н.И. Мекленбурцев, М.А. Быков сынды жергілікті зерттеушілер айтарлықтай үлес қосты. Музей қызметкерлері түрлі бағыттағы ғылыми экспедицияларға қатысып, өлкедегі табиғи, тарихи және этнографиялық нысандарды зерттеуге белсене араласты. 1938 жылы музей облыстық тарихи-өлкетану музейі болып қайта құрылды. Ұлы Отан соғысы жылдарында музей қызметі патриоттық тәрбие мен әскери тақырыптарды қамтуға бағытталды. 1948-1949 жылдары музей ұжымы тарих ғылымдарының докторы А.Н. Бернштам басшылық еткен КСРО Ғылым академиясының археологиялық экспедициясына қатысты. Сол кезеңде Ленинградтағы Антропология және этнография музейімен, Қазақ КСР Ғылым академиясымен, Қазақстанның Орталық музейімен ғылыми байланыстар орнатылды. 1950-1990 жылдары музей ұжымы Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық археологиялық ескерткіштерін зерттеуге қатысты. Отырар, Күлтөбе, Алтынтөбе, Бөріжар, Жүзімдік сынды тарихи нысандарда археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізіліп, музей қоры айрықша жәдігерлермен толықтырылды. 2014 жылы музей қазіргі заман талаптарына сай салынған жаңа ғимаратқа көшірілді. Ғимараттың жалпы аумағы - 2540 шаршы метр, оның ішінде экспозициялық залдардың аумағы - 1060 шаршы метрді құрайды. 

Музейде төрт тұрақты экспозициялық зал жұмыс істейді:

1. «Табиғат, палеонтология, археология» залы - Бұл зал Түркістан облысының табиғи байлығы, флорасы мен фаунасы, палеонтологиялық және археологиялық мұралары туралы мәліметтер береді. Қаратау мен Қазығұрт тау жоталарынан табылған тасқа айналған ағаштар мен сирек остеологиялық үлгілер, сондай-ақ облыс аумағында жүргізілген археологиялық экспедициялар нәтижесінде табылған артефактілер қойылған.

2. Этнография залы - Қазақ халқының дәстүрлі шаруашылығы, тұрмысы, қолөнері және рухани мәдениетімен таныстырады. Залдың орталығында Қажымұқан Мұңайтпасұлының жеке киіз үйі орналастырылған. Мұнда қазақтың ұлттық киімдері, зергерлік бұйымдары, тұрмыстық заттары және сәндік-қолданбалы өнер туындылары көрсетіледі.

3. «Қазақ хандығы және жаңа заман» залы - XV ғасырдағы Қазақ хандығының құрылуы, дамуы мен саяси-әлеуметтік жүйесі жайында материалдар қойылған. Сонымен қатар, Қоқан хандығы, Ресей империясы және КСРО кезеңіндегі Оңтүстік Қазақстанның саяси, экономикалық, мәдени өміріне қатысты жәдігерлер ұсынылған.

4. «Тәуелсіз Қазақстан» залы - Қазақстан Республикасының 1991 жылы тәуелсіздігін жариялауынан бастап қазіргі кезеңге дейінгі жетістіктері баяндалады. Мемлекеттік рәміздер, ұлттық валюта, Қарулы күштер туралы материалдар, Түркістан облысының заманауи әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуы көрсетіледі.

Музей қорында қазіргі таңда 107 080-нан астам бірегей жәдігер сақталған. Бұл заттар Қазақстан тарихының барлық кезеңдерін - тас ғасырынан бастап қазіргі тәуелсіздік дәуіріне дейінгі уақытты қамтиды. Олар музейлік өңдеуден өтіп, ғылыми негізде жүйеленген, каталогтарға енгізілген және паспортизацияланған.

Бүгінде Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрамында жеті филиал жұмыс істейді:

1. С. Ерубаев атындағы әдеби-мәдени музейі (Түркістан қаласы);

2. Т. Рысқұлов атындағы тарихи-өлкетану музейі (Түлкібас ауданы);

3. «Ардақты ана» музейі (Сайрам ауданы);

4. «Міртемір әдеби-мемориалдық» музейі (Сауран ауданы);

5. «Шаммат Ишан» музейі (Қарнақ ауылы, республикалық маңызы бар сәулет ескерткіші);

6. Сарыағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі (Сарыағаш қаласы);

7. Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейі (Шардара қаласы).

Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі - аймақтың тарихи-мәдени мұрасын сақтап, насихаттау арқылы ұлттық сана мен тарихи танымды қалыптастыратын іргелі ғылыми-мәдени орталық. Түркі әлемінің рухани астанасы саналатын Түркістан қаласында орналасқан бұл музей келешек ұрпаққа ел тарихы мен мәдениетінің терең тамырларын танытуда маңызды рөл атқарады.

Жұмыс уақыты 09:00 - 18:00
Билет құны 500 тг.
Веб-сайт turkoto-muzey.kz
Мекенжайы Түркістан облысы, Шымкент қаласы, Бәйдібек би 115 а
Scroll to Top