Мұхтар Әуезов музей-үйі
Бөрілі жер өңірі және елді мекеннің байырғы атаулар аты. ХІХ ғасырдың соңғы ширегінен бері Абай мен Әуез арасындағы келісім-ұйғарыммен Әуез әулетіне қараған. Абай заманынан бері Әуез әулетінің ата қоныс-қыстауы. Шыңғыстағы Қызылшоқыдан көшіп келіп орналасқан. Бөрілі қаладан 82 шақырымда Семей-Қарауыл тас жолының шығыс жағында төрт шақырым қашықтықта. Жол бұрылысының музей-үйге бағыттамалық белгі-ескерткіштен (ашулы кітап кескін үлгісіндегі) басталады. 1987 жылы қыркүйекте облыстық тарих-өлкетану музейінің бөлімі ретінде ресми түрде музей болып ашылды. 1987 жылы желтоқсан айының 25-де ҚазССР Мәдениет министрлігінің № 411 бұйрығымен Абайдың республикалық әдеби-мемориалдық музейінің қарамағына берілді. Мұхтар Әуезовтің 80, 90, 100 жыл толған мерей тойлары кездерінде қалпына келтіру, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді ғимараттың бұрынғы нұсқа нобайы толық сақталған. 1997 жылы музей-үйі қайта жабдықталып, ішкі әлемі қайта жаңғыртылды. Мұхтар Әуезовтің музей-үйі 13,2 х 22,3 көлемінде және биіктігі 3,5 метр, бір қабатты кірпіштен салынған. Ғимарат 8 бөлмеден тұрады. Музейдің аумағы 120,0 х 138,0 метр және темір шарбақпен қоршалған, көгалдандырылған.
Музей-үйге 2015 жылы «Қазқайтажаңғырту» РМКҚ тарапынан күрделі жөндеу, 2020 жылы күрделі ғылыми-реставрациялық жұмыстары жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 30 наурызында бекітілген № 119 бұйрығына сәйкес республикалық маңызы бар ескерткіш статусы берілген.